×
538.2
629.64
6.34
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
538.2
629.64
6.34

Алдағы үш жылдық бюджетте параспортшыларға қаржы қарастырылмаған

Бүгін, 18:00
Алдағы үш жылдық бюджетте параспортшыларға қаржы қарастырылмаған
Ulysmedia.kz коллажы

Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан республикалық бюджеттің жобасынан жоғары жетістіктер спортын дамытуға бөлінген 65 млрд теңгені тапқанымен, паралимпиада спортшыларына бір тиын да қарастырылмағанын айтты. Оның сөзінше, халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан жиі көрінетін – дәл осы параспортшылар. Ulysmedia.kz бұл мәселені құзырлы министрліктердің шенеуніктерінен сұрап білді.

«Мүгедектігі барлар бар, бірақ ақша жоқ»

2026–2028 жылдарға арналған бюджет таныстырылымы кезінде мәжілісмен Сейтжан параспортшылар тағы да қаржыландырусыз қалғанына назар аударды.

- Міне, бүгін сіздердің есептеріңізде тек жоғары жетістіктер спортына 65 млрд теңге қарастырылғанын көріп отырмын. Ал параспорт қайда? Туризмге 6 млрд бөлінген, ал параспорт қайда? Өтінімдер бар, спорттық дайындық орталығы бар, медальдар бар. Қаржыландыру қайда?, – деп ашуланды депутат.

Ол өткен жылы қаржы министрлігі өтінімдер болса, параспортты қолдаймыз дегенін еске салды.

- Өтінімдер бар, бірақ тіпті мына құжаттарда көрсетілмеген. Қашанғы айта береміз? Қолдау қайда? Президенттің өзі айтқан: 2024 жылы дәл осы балалар басқа спорт түрлеріне қарағанда көбірек медаль әкелді, мүгедектігі жоқ спортшылардан да асып түсті, – деді ол.

Параспортшы да болып жүрген депутат Сейтжан сөзінің эмоцияға толы екенін жасырған жоқ.

- Бұл эмоция. Өйткені біз осыны айта-айта шаршадық. Спорт министрлігі қолдайды, ал экономика министрлігі мүлде қолдамайды! – деді ол.

«Параспортқа қаржы бермей отыр» дегенге министрлік қарсы шықты

Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы әлеуметтік салаға бөлінетін қаражат жыл сайын артып келе жатқанын айтып, қаржы блогы параспортқа қолдау көрсетпейді деген пікірмен келіспейтінін жеткізді.

- Жаңа жылдан бастап блоктық бюджет жобасы іске қосылды. Оның құрамына су ресурстары және ирригация министрлігі, сондай-ақ туризм және спорт министрлігі кірді. Бұл блоктық бюджет аясында бөлінген қаржыны өздері қайта қарастыра алады деген сөз. Яғни бұл бағытта толық дербестік берілген, – деді ол.

Министрлік өкілінің сөзінше, мүгедектігі бар адамдарға арналған спорттық дайындық орталықтарын ұстауға бөлінетін қаржы да жыл сайын өсіп келеді. Егер 2025 жылы 4,9 млрд теңге жұмсалса, 2026 жылға – 5,7 млрд, 2027 жылға – 6,2 млрд, ал 2028 жылға шамамен 7 млрд теңге жоспарланған.

Туризм және спорт министрлігінің жауабы

Қаржы министрлігін әріптесі қорғап шыққан туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев та пікір білдірді.

- Біздің барлық өтінімдерімізді қаржы министрлігі қолдады. Жоғары жетістіктер спортына бөлінген 65 млрд теңгенің ішінде паралимпиадалық спорт қозғалысын қаржыландыру да қарастырылған, – деді ол.

Министрлік алдағы үш жылға арналған бюджет жобасы аясында өтінімдердің толық тарқатылған нұсқасын ұсынуға уәде берді.

Серіктес жаңалықтары