×
539.54
637.09
6.52
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
539.54
637.09
6.52

Діндер съезінде Израиль мен мұсылман делегаттары қақтығысып қалды

Діндер съезінде Израиль мен мұсылман делегаттары қақтығысып қалды
Ulysmedia коллажы

Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде Израиль өкілінің сөзі мұсылман делегаттарының наразылығын туғызды.

Израиль өкілі: соғыстың дінге қатысы жоқ

Израильдің бас ашкеназ раввині және Бас раввиндер кеңесінің президенті Кальман Бер мінберден сөйлеп, соңғы екі жылдағы соғысты атап өтті.

– Мен қасиетті жерден, Израиль жерінен келдім. Біз соңғы екі жыл бойы ауыр соғыстың қақ ортасында өмір сүріп келеміз. Өкінішке қарай, оның соңы әлі де көрінбейді. Мен осы форумда ашық айтқым келеді: бұл соғыстың дінге қатысы жоқ. Иудаизм ешқандай дінге қарсы емес, – деді Кальман Бер. 

Оның мәлімдемесі залдағы кейбір қатысушылардың назарын аударғаны анық. Әсіресе, өкілдің артында отырған мұсылман дәстүрлі киіміндегі бірнеше делегеат орындарынан тұрып, залдан шығып кеткені көзге түсті. Бұл – жай ғана сәйкестік пе, әлде әдейі жасалған ишара ма – белгісіз.

Делегаттар Палестинадағы жағдайға назар аударды

Бүгінгі жиын Палестинадағы жағдай мен әлемдік қақтығыстар мәселесін айналып өтпеді. Көптеген спикерлер, соның ішінде Иерусалим Патриархы Феофил мен Бүкіләлемдік Ислам Лигасының бас хатшысы Шериф Иса, Газа секторындағы ауыр ахуалды атап өтті.

Еуропалық мұсылман форумының президенті Абдулвахид Ниязов Израиль өкілінің сөзін «сионистік пропаганда» деп бағалады. Оның пікірінше, кей делегаттардың залдан шығуы орынды болды, өйткені Кальман Бер бейтарап үндеуден гөрі, әдейі арандатушылық сипатта сөз сөйледі. Израильдің қазіргі саяси бағытына сілтеме жасағанын көпшілік түсінгенін алға тартты.  

– Өкінішке қарай, раввин өз сөзінде бейбітшілікке шақырғанымен, оны сионистік басшылықтың көзімен көрсетті. Бүкіл әлем Палестина мәселесінің шешімі – Палестина мемлекетін құру екенін түсініп отыр. Бұл – БҰҰ-дағы дауыс берулерден де анық көрінеді. 

Ал, Түркия делегаты болса, барлық назарды Газадағы ахуалға аудару керектігін айтты. Палестинадағы зұлымдықты тоқтату – ең басты міндет екенін, ал басқа мәселелер қосымша сипатта екенін атап өтті.

-Иншалла, бұл кездесулер адамзаттың ар-ожданын оятуға бір пайда әкеледі деп сенемін. Алайда, Газзада, Палестинада бейбітшілік орнағанша, барлық кездесулердің ең басты және бірінші мәселесі тек сол болуы керек. Газзадағы зұлымды тоқтату, Палестинаның азаттығын қамтамасыз ету — ең маңызды міндет. Сол жерде аққан қан тоқтатылып, жүргізіліп жатқан басып алу әрекеттері тоқтатылуы және зұлымдық жойылуы тиіс- деді. 

Венгрия премьер-министрінің кеңсесінің кеңесшісі Микро Шортес конференция қатысушыларын көтерілген мәселелерді өз елдеріне жеткізуге шақырды. 

– Саяси және діни көшбасшылар съездің негізгі ой-пікірін дұрыс түсініп, оны өз елдеріне жеткізеді деп сенемін. Бұл кездесу бекер емес. Қақтығыстарды шешуге съездің ықпалы тиеді, – деді ол.

Тоқаевтың қатысуы

Жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Ол форум қатысушыларын құттықтап, әлемдегі қақтығыстар жағдайында диалогтың рөлі ерекше екенін атап өтті.

Контекст

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін Назарбаев 2003 жылдан бастап өткізе бастады. Бұл форум Қазақстанды дінаралық татулықтың үлгісі ретінде танытуға бағытталды. Дегенмен сыншылар ел ішіндегі діни ахуалдың мәз еместігін біршама айтып жүрді. Бұған дейін БАҚ-та елде 15 мыңға жуық салафит бар деген мәлімет те тараған.  Соңғы жиырма жылдың ішінде елді дүр сілкіндірген бірнеше лаңкестік оқиғалар орын алды. 

2011 жылы Таразда қарулы қақтығыстан бірнеше адам қаза тапты. 2016 жылы Ақтөбеде қару-жарақ дүкендеріне және әскери бөлімге жасалған шабуылдан бейбіт тұрғындар мен әскери қызметшілер қаза болды. Сол жылы Алматыда Руслан Күлекбаев жасаған теракт тағы да қоғамды дүрліктірді. Бұл оқиғалардың басым бөлігі діни радикал топтармен байланысты екені айтылды.

Серіктес жаңалықтары