Қазақстандық дүкендерде бір тауардың екі түрлі бағасы көрсетілетін жүйе заңдастырылуы ықтимал. Яғни, қолма-қол төлегенде бір баға, ал бөліп төлеу арқылы алғанда басқа баға көрсетіледі. Жаңа бастама халыққа «рассрочка» дегеннің шын мәнінде несие екенін ашық көрсетуге бағытталған. Жауапты министрлік құжатты ашық талқылауға шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жаңа ереже және тұтынушы құқығы
Информбюро31 мәліметінше, ереже қабылданса, бөліп төлеу алғаш рет заң жүзінде бекітіледі. Бұл тұтынушылардың құқығын қорғауды күшейтпек. Өйткені, енді бөліп төлеумен сатып алынған тауар да ұнамаған жағдайда қайтаруға жатады.
Қазіргі таңда дүкендерде қосарланған баға жүйесі жоқ. Алайда сарапшылардың айтуынша, халық қажетті затты бөліп төлеумен алған сайын қымбатшылыққа ұрынады. Ірі компаниялар банктің 15-20 пайыздық жасырын үстемесін өз есебінен жаба алады, себебі олар үшін бастысы – тауардың өтуі. Ал шағын және орта бизнес мұндай шығынды көбіне тұтынушының мойнына артады немесе банк сатушыдан комиссия ұстайды.
Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетовтың сөзінше, бөліп төлеу – кәдімгі несие. Ол кредиттік тарихқа әсер етеді, ай сайынғы төлем жүктемесін арттырады. Уақытында төлем жасалмаса, өсімпұл қосылады. Сондықтан ашық баға тұтынушы құқығын қорғаудың бір жолы саналады.
- Бөліп төлеу нөл пайыз деп көрсетеді. Артық төлем жоқ дейді. Шын мәнінде оның бәрі тауар бағасына кіргізілген. Бұл – банктер мен микроқаржы ұйымдарының тәсілі. Сол себепті бағалар қымбаттап кеткен. Егер екі түрлі баға енгізілсе, азаматтар шынайы таңдау жасай алады, дейді Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов.
Жаңа жүйе биылдың соңына дейін қабылдануы мүмкін. Егер қосарланған баға енгізілсе, қазақстандықтар әр тауардың нақты құнын көріп, саналы түрде шешім қабылдау мүмкіндігіне ие болады.