Иудейлер мен Палестинаны қолдаушылар БҰҰ штаб-пәтері алдында митингке шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ulysmedia тілшісі Нью-Йорктен хабарлағандай, ертең ашылатын БҰҰ Бас ассамблеясының 80-сессиясына орай қалада түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Солардың бірі – штаб-пәтер алдында өткен наразылық акциясы.
БЕЛСЕНДІЛЕР НЕ ДЕЙДІ
Митингке шыққандардың айтуынша, Газа секторында қан төгіс соғыс жалғасып, бүкіл анклав аштықтың ауыр зардабын тартып отыр.
– Қазір Газа қақпақыл аштықтың ортасында қалды. Сол үшін біз бүгін БҰҰ ғимараты алдында тұрмыз. Іште өтіп жатқан арнайы сессияға заңды мәртебе беруге болмайды, – деді микрофон ұстаған белсенді.
Ортодоксалды иудейлердің пікірінше, Израильдің әрекеттері Тауратқа қайшы. Еврей қауымдастығының бір өкілі Палестинаны қолдауды «антисемитизм» деп қабылдамау керектігін айтты.
– Израиль мемлекеті түбінде жойылады. Басқа халықты басып алуға болмайды. Ұрлау, өлтіру – бұл Тауратқа қарсы. Әлемдегі ең діндар еврей қауымдастықтарына қараңыздаршы: олар да «еркін Палестинаны» талап етіп отыр. Мұны қолдау – антисемитизм емес, керісінше, Құдайға жақын іс, – деді ол.
КОНТЕКСТ
Айта кетейік, кеше БҰҰ-ның тергеу комиссиясы Израильдің Газа секторында геноцид жасағаны туралы қорытынды шығарды. Сондай-ақ Израильдің жоғары лауазымды тұлғалары, соның ішінде премьер-министр Биньямин Нетаньяху да бұл қылмыстарға шақырды деп танылды.