Қырғызстанның Бәсекелестікті реттеу агенттігінің директоры Женалы Орозбаев Қазақстаннан жанармай не үшін сатып алмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Ресей жыл сайын Қырғызстанға шамамен 1,2 млн тонна мұнай өнімдерін жеткізеді. Бұл көрсеткішке авиаотын мен өзге де арнайы жанармай түрлері кірмейді. Елдегі тұтыну көлемі 1,4 млн тоннаға дейін жетеді. Алайда Ресейдің өзіндегі мұнай өнімдері бойынша жағдай Украинадағы соғысқа байланысты күрделі күйде қалып отыр.
– Қазіргі кезде ресейлік мұнай өңдеу зауыттарының шамамен бестен бірі жұмыс істемейді. Қырғызстандағы қор 1,5 айға жететіндей есептелгенімен, жанармай бағасының қымбаттауына мәжбүрлі жағдайлар бар, – деді Орозбаев.
Ол бағаның өсуі тек зауыттардың істен шығуымен ғана емес, инфрақұрылымның бүлінуіне де байланысты екенін атап өтті. Бұл жанармай жеткізудегі логистиканы қиындатады.
– Жанармайдың қымбаттауына таңғалудың қажеті жоқ. Бірақ жеткізушілер елді жанармаймен қамтамасыз ету үшін барын салып жатыр. Әйтпесе, елде бүкіл жүйе тоқтап қалады, – деп қосты агенттік басшысы.
Қазақстаннан неге алмайды?
Женалы Орозбаевтың айтуынша, Қазақстанда халыққа арналған жанармай бағасы бюджеттен бөлінетін субсидия есебінен төмен ұсталып отыр. Ал экспорттық құны әлдеқайда жоғары.
– Егер Қырғызстанда АИ-92 маркалы бензиннің литрі 70 сом тұрса, Қазақстанда ол шамамен 40 сомға сатылады. Бірақ экспортқа бағасы әлдеқайда қымбат және Ресейден жеткізілетін жанармайдан да жоғары. Мұнда мәселе бауырластық қарым-қатынаста емес, экономикалық тиімділікте, – деді ол.
Агенттік директорының сөзінше, Қазақстанмен келісімшарт жасау тиімсіз. Қырғызстан үшін әзірге жанармайды Ресейден алу қолайлырақ.