Маңғыстауда пойыз жолаушыларынан мыңдаған доллар тәркіленді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Декларацияланбаған валютаны алып өтпек болған өзбекстандықтар ақшасының жартысынан айырылды. Маңғыстау облысының мемлекеттік кірістер қызметкерлері екі рет заңсыз валюта тасымалдау әрекетін әшкереледі. Айыппұл мен тәркілеуден кейін иелеріне соманың жартысынан азы ғана қайтарылды.
БІРІНШІ ЖАҒДАЙ
Өзбекстан азаматы «Волгоград – Ташкент» бағытындағы жолаушылар пойызымен 20 мың АҚШ долларын (10 млн 940 мың теңге) декларациясыз алып өтпек болған. Алайда ақша «Бейнеу» кеден бекетіндегі шекаралық бақылау кезінде анықталды.
Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық соты ер адамды ҚР ӘҚБтК-нің 551-бабы 3-бөлігі («Тауарды, қолма-қол ақшаны немесе қаржы құралдарын декларацияламау не кедендік декларацияда жалған мәлімет көрсету») бойынша кінәлі деп таныды. Сот 1 343 350 теңге (2455 доллар) айыппұл салып, 10 мың долларды тәркіледі. Ал қалған 10 мың доллар иесіне қайтарылды. Осылайша, декларацияланбаған 20 мың долларды алып өтемін деп 12 455 доллар шығынға батты.
ЕКІНШІ ЖАҒДАЙ
Тағы бір Өзбекстан азаматшасы елге 17 600 АҚШ долларын декларациясыз алып кірген. Валюта кеден қызметі тарапынан анықталды. Сот шешімімен әйелге 1 020 946 теңге (1866 доллар) айыппұл салынып, 7600 доллары тәркіленді. 10 мың доллар өзіне қайтарылды. Осылайша, 17 600 доллардан әйелдің қолында 8134 доллар ғана қалды.
23 қыркүйектегі орташа бағам бойынша – 547 теңге.