Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы төлемдеріне қатысты маңызды өзгерістерді хабарлады. Қазіргі таңда барлық зейнетақы төлемдерінен 10 пайыз мөлшерінде жеке табыс салығы ұсталып келсе, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл талап жойылады. Тек салық резиденті болып табылмайтын адамдар үшін ғана бұрынғы норма сақталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл өзгеріс ең алдымен біржолғы зейнетақы төлемдеріне қатысты. Егер азамат өзінің жинағын баспана алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге жұмсаса, ол сомаға жеке табыс салығы салынбайды. Бұған дейін мұндай жағдайда салық төленетін еді, ал 2026 жылдан бастап ол талап жойылады.
Тағы бір маңызды жайт – бұған дейін кейінге қалдырылған жеке табыс салығы да толықтай алынып тасталады. Кейбір азаматтар «салықты кейін төлеймін» деген тәртіпті таңдаған болатын, енді ол міндет автоматты түрде жойылады. Яғни ешқандай өтініш жазудың, құжат өткізудің қажеті жоқ, барлық рәсімдер автоматты түрде жүзеге асырылады.
Осылайша жаңа норма халықтың қолындағы зейнетақы қаражатын қорғап, әлеуметтік шығындарға толық пайдалануға мүмкіндік береді.
САЛЫҚТЫ КІМДЕР ҚАЙТАРА АЛАДЫ?
Әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар бұрын төленген жеке табыс салығын қайтарып ала алады. Бұл жеңілдік зейнетақы жинақтарын 2021–2022 жылдары тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдаланған адамдарға қатысты. Бұған дейін олар біржолғы төлемнен салық төлеген болатын. Енді заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұл қаражатты қайтарып алу құқығы берілді.
Салықты қайтаруға мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ мүгедек баланың ата-анасы немесе қамқоршысы, бала кезінен мүгедек жандардың бір ата-анасы, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алған азаматтар, соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілгендер және басқа да санаттағы тұлғалар құқылы.
Өтініш беру мерзімі ұзартылып, азаматтар құжаттарды 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін тапсыра алады. Өтінішті зейнетақы қорының бөлімшелеріне жолдау қажет.
КОНТЕКСТ
БЖЗҚ өкілдері бұл өзгерістер халықтың зейнетақы жүйесіне деген сенімін арттырып, азаматтар үшін қолайлы жағдай жасайды деп атап өтті.