Депутат Ерлан Саировтың мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартысында елімізде 15 698 жол апаты тіркеліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 54%-ға өскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Депутаттың ақпарынша, апат салдарынан 22 346 адам жарақат алып, 1 466 азамат қаза тапқан. Бір ғана айдың ішінде Маңғыстауда – 10, Жетісуда – 10, Қарағандыда – 5 адам ірі апаттан көз жұмды. Қайғылы оқиғалардың үштен бірі жүргізушілердің жылдамдықты асыруы, қарсы жолаққа шығуы немесе рулде ұйықтап кетуінен болады.
Әсіресе, қалааралық такси жүргізушілері тәуліктеп демалмай рейс жасайтындықтан, жолаушылардың өміріне төнген қауіп күшейіп отыр. Бұған қоса, жол апаттарына жиі себеп болып жүрген оң рульді Toyota Alphard көліктерін шектеу қажеттігі айтылуда.
Сонымен қатар, жүргізуші куәлігін заңсыз сатып алу деректері де жағдайды ушықтыруда. Сайыровтың айтуынша, бұл түйткілді шешудің жалғыз жолы – дамыған елдер тәжірибесін енгізіп, такси жүргізушілеріне қатаң сүзгі орнатып, техникалық және медициналық бақылауды күшейту. Жол қауіпсіздігі майданға айналған сәтте заң мен тәртіп қана үстемдік етуі тиіс.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында жантүршігерлік жол апаты болып, салдарынан 10 адамның қаза тапқаны хабарланған еді.
Сонымен қатар, күні кеше Павлодар облысындағы жол апатынан 5 адам қаза тапты.