×
541.68
636.26
6.48
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
541.68
636.26
6.48

Қазақстандықтар шетелдік маркетплейстерден алған тауарларын декларациялауға міндеттеледі

25.09.2025, 14:10
Қазақстандықтар шетелдік маркетплейстерден алған тауарларын декларациялауға міндеттеледі
Ulysmedia.kz коллажы

Сенат Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) Кеден кодексіне өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялады. Құжатқа сәйкес, енді шетелдік маркетплейстерден сатып алынған барлық тауарды декларациялау міндеттеледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖАҢА ҰҒЫМДАР

Хаттамаға сәйкес, «электрондық сауда операторы» және «электрондық саудада алынған тауарлар» деген жаңа түсініктер енгізіледі. Шетелдік интернет-дүкендерден алынған кез келген тауар электронды кеден декларациясы арқылы жеңілдетілген тәртіппен рәсімделмек.

ҚОЛДАНЫСТАҒЫ НОРМА

Мәжіліс депутаты Бекбол Орынбасаровтың айтуынша, қазіргі заңнама бойынша жеке тұлғалар шетелдік интернет-дүкендерден алған тауарларын тек бажсыз әкелу нормасынан асқанда ғана декларациялайды.

- Қолданыстағы тәртіп бойынша бажсыз әкелу лимиті – 200 еуро (шамамен 27 мың теңге) немесе 31 келі. Шектен асқан жағдайда азаматтар құжат тапсырып, тауар құнының 15%-ын төлеуі тиіс. Ал белгіленген нормадан аспаған тауарлар декларацияланбайды және ресми статистикаға енгізілмейді, – деді депутат.

ЕНДІ ҚАЛАЙ БОЛМАҚ? 

Жаңа құжат күшіне енген соң, электрондық сауда арқылы әкелінген барлық тауарды декларациялау міндетті болады. Қазақстандықтар декларацияны өз бетінше рәсімдей алады немесе «Қазпошта» АҚ пен DHL International Kazakhstan ЖШС сияқты операторлардың көмегіне жүгіне алады. Кейінірек бұл қатарға басқа компаниялар да қосылуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары