Нью-Йоркте Қазақстан мен АҚШ арасында теміржол техникасына қатысты ірі келісімге қол қойылды. Бұл жөнінде Кремль де пікір білдіріп, «қазақстандық достарының таңдауына түсіністікпен қарайтынын» мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кремльдің жауабы
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, Қазақстан АҚШ-тың коммерциялық тұрғыда тиімді ұсынысын қабылдаған.
- Бұл — коммерциялық мәселе. Егер АҚШ қолайлырақ ұсыныс жасаған болса, онда қазақстандық достарымызды түсінуге болады. Әрине, жақсы әрі арзан өнімді сатып алу қажет. Қазақстан — бізге өте жақын әріптес. Сауда-экономикалық ынтымақтастық көпқырлы. Біз барлық салада өз достарымызбен әріптестікті жалғастыра береміз және бәсекелестік үдерістерге қатысуды да көздеп отырмыз, – деді Песков.
Контекст
22 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа ресми сапары барысында сауда министрі Говард Латник қатысқан рәсімде Қазақстан америкалық Wabtec компаниясымен шамамен 4,2 млрд долларлық келісім жасасты. Құжатқа сәйкес, елімізде қуаттылығы жақсартылған 300 жүк локомотиві құрастырылып, оларға сервистік қызмет көрсетілмек.