Жұлдыз Сүлейменова депутат кабинетінен оқу-ағарту министрінің креслосына жайғасып үлгермей жатып-ақ, бұл жұмыстың қаншалықты жүйкені жұқартатынын өмірдің өзі еске салды. Бірнеше ондаған жекеменшік мектеп иелері министрлік ғимаратының алдына келіп, бизнестерінің банкрот болудың аз-ақ алдында тұрғанын, ал балалардың жайлы сыныптарсыз қалу қаупі барын жеткізді. Көпшілік Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген өкілдерге жаңа министрдің өзі шығып, мәселенің шешімін ұсынады деп күтті. Алайда олай болмады – Сүлейменова наразы топқа орынбасарын жіберді. Бұл жайттан министрлікте мектептерді қаржыландыруға қатысты шынайы шешім жоқ деген қорытынды жасауға бола ма? Ulysmedia.kz анықтап көрді.
Өңірлік мектептер елордада мәселесін шешкісі келді
Астанаға сапарға шығуға жекеменшік мектеп иелері қолайсыз уақытты таңдаған еді: жылы күн райын аяз бен жел алмастырды, Ақордаға кезекті мемлекеттік сапарға байланысты көшелерде полиция кезекшілік етті, әрі дәл сол күні оқу-ағарту министрі ауысты. Дегенмен алыс өңірлерден келген адамдар осының бәріне қарамастан, министрлікке барды.
– «Қаржы орталығы» АҚ жекеменшік мектептерге әрбір оқушы үшін 20 жыл бойы жан басына қаржыландыру төлеуге міндеттелген болатын. Бірақ қазір, «Қаржы орталығы» Жамбыл өңіріне бір жылдан аса уақыт бойы қаржы бөлмегендіктен, кәсіпкерлерге жалақыны, несиені және басқа да міндеттемелерді өз қалтасынан төлеуге тура келіп отыр. Біз қазір министрлік пен «Қаржы орталығының» өкілдері алдымызға шығып, сұрақтарымызға нақты жауап беруін талап етеміз, – деді жиналғандардың атынан Жамбыл облысының кәсіпкері Раушан Саурықова.
Жан басына қаржыландыру көлемі – бастауыш сынып оқушысына шамамен 55 мың теңге, жоғары сынып оқушысына 70 мың теңгеге дейін. Бұл сома мұғалімдердің жалақысын, тамақтандыруды, тасымалдауды және оқулықтарды қамтуы тиіс. Кейбір мектептер өткен жылғы төлемді алды, басқаларына қыркүйекке дейінгі қаржы бөлінді, алайда бірнеше ай бойы ақша алмағандары да бар. Кәсіпкерлердің айтуынша, олар қазір қарыз бен несиеге батып отыр, мұғалімдерге кәсіби мерекеге сыйақы беруді айтпағанда, қарапайым айлықтың өзін төлеуге шамалары жоқ.
Бюрократия ма, әлде дағдарыс па?
Ең қызығы әкімдік өкілдерінің сөзіне қарағанда, түйткілдің бәрі тек астаналық бюрократияда жатыр. Жан басына қаржыландыруға қажетті қаржыны жергілікті бюджеттер бөледі, ол қазірдің өзінде әкімдіктердің шотында тұр. Бірақ қаражатты жекеменшік мектептердің шотына аудару үшін «Қаржы орталығының» рұқсаты керек. Ал бұл ұйым, кәсіпкерлердің сөзінше, «көлеңкеге кетіп», құжаттарға қол қоймай отыр.
Сондықтан бәрі олардың Астанаға келуі жағдайды жылжытып, құжаттарға қол қойылады, сөйтіп мәселе шешіледі деп ойлады. Бірақ олай болмады. Бірінші вице-министр Майра Меделбекованың түсіндіруінше, жекеменшік мектептерге жан басына қаржыландыру бірнеше жыл бұрын бөлінген, алайда содан бері мектептердің де, оқушылардың да саны өскен. Сондықтан айырмашылықты жергілікті бюджеттер жабуы тиіс.
Дегенмен, оқу-ағарту вице-министрінен жекеменшік мектептерге дәл қазір қанша ақша жетіспей отырғанын журналистер сұраса да, ол нақты санды айтпады. Мәселе қашан шешілетіні де белгісіз.
– Жергілікті бюджеттер қаражатты ішінара табады. Мысалы, Түркістан облысы қыркүйекке қаржы тапты, бірақ олар толық көлемде өтеуі тиіс. Сосын ғана тізім қалыптасады. Біз жергілікті органдардан толық мәлімет күтеміз. Кейін бірлесіп шешеміз. Бұл – жеке сектор, бірақ біз көмектесіп, қолдау көрсетіп жатырмыз, – деп сұрақты айналып өтті Майра Меделбекова.
Ал «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрайымы Шолпан Өтелбаева журналистермен әңгімені барынша айналып өтуге тырысқанымен, кейін ұйымның 2024 жылдың қорытындысы бойынша жекеменшік мектептерге 16 млрд теңгеден астам қарыз екенін мойындады. Оның айтуынша, екі жылда жекеменшік мектептердің саны екі есеге жуық өскен және бұл үрдіс жалғасып жатыр.
– «Қаржы орталығы» ешкімге ештеңе қарыз емес, бұл – қате ақпарат. Мәселе кредиторлық қарыздың пайда болуында. 2023–2024 жылдары ол 16,2 млрд теңгені құрады. Өтінім Қаржы министрлігіне жіберілді, бізге қолдау көрсетеміз деп уәде етті. Бірақ өздеріңіз білесіздер, бюджет процесі – өте күрделі жүйе, – деп түсіндірді Өтелбаева.
Жаңа министр неге жұрт алдына шықпады?
Өңірлік жекеменшік мектеп иелерінің астанаға келуі журналистер арасында үлкен қызығушылық туғызды. Өйткені әңгіме – Астана мен Алматыдағы оқуы миллиондап тұратын элиталық мектептер туралы емес, мемлекет бес жыл бұрын белсенді түрде салуға шақырған қарапайым аймақтық мектептер туралы болып отыр.
– Бізге: «Бұл – бәріне тиімді, сіздер мектеп саласыздар, мемлекет жан басына қаржыландыру төлейді, ал мемлекетке пайдасы – мектепті өзі салмайды» деді. Біз салдық. Соның арқасында, мысалы, біздің өңірде үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді. Ал егер біз жабылсақ, балалар қайда барады? Тағы да 35 баладан сыныптарда қысылып отыра ма? – дейді астанаға келген педагогтар.
Сондай-ақ, бәріне қызық болғаны – жаңа министрдің дағдарыс жағдайларында қалай әрекет ететіні. Білім беру жүйкеге салмақ түсіретін сала, мұнда күнде жаңа төтенше жағдай болуы мүмкін. Қазақстан көптен бері осы саланы басқаратын адамның ашық сөйлесіп, жауапкершілікті өз мойнына алуын күтуде.
Жұлдыз Сүлейменова үшін өңірлерден келген мектеп директорларымен кездесу өзін көрсетуге мүмкіндік еді. Жаңа министрден ешкім бірден шешім күтпейді, бірақ бәрі оның бейжай қалмайтынына үміттенді. Алайда ол шықпады. Мүмкін, шын мәнінде жұмыспен айналысып жатқан болар – кешкісін Ақорда президент Сүлейменоваға тапсырма бергенін хабарлады. Бірақ жекеменшік мектептердің мәселесінде шынымен шешім жоқ болуы да ықтимал.
Мемлекет осы салаға бизнес тартуға белсенді түрде үндеу жасады. Кәсіпкерлер сенді. Ал қазір бюджетте мектептерге қатысты қомақты қарыз жиналып отыр. Республикалық ауқымдағы нақты сома айтылмады, бірақ Шолпан Өтелбаеваның сөзіне қарағанда, тек Түркістан облысының өзінде 2025 жылы жекеменшік мектептерге 20 млрд теңгеден астам қаржы төлеу керек болады. Ал өңір 2025 жылы салықтан небәрі 80 млрд теңгеден сәл асатын қаражат жинауды жоспарлап отыр, ал бюджет тапшылығы барлық түзетулерге дейін-ақ 53 млрд теңгеден асып кеткен.
Бұл жағдайда тағы 20 млрд теңгені, оның үстіне жоспарланбаған мектептерге қайдан табуға болады? Дәл осындай проблема елдің басқа өңірлерінде де бар. Енді не істеу керек? Ресми түрде жекеменшік мектептердің қажеті жоқ деп жариялау қажет пе? Әлде қосымша қаржы көзін іздеп, балалардың бүкіл ел бойынша сыныптарға сыймай оқуын болдырмау қажет пе? Бұл Жұлдыз Сүлейменованың шешімін күтіп тұрған алғашқы сауалдар ғана. Ал шын мәнінде мұндай сұрақ әлдеқайда көп.
Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталады. Ол жүзеге асу барысында байқалмай «Келешек мектебі» жобасына айналғанымен, құрылыс кешігулерінен де, жаңа мектептердің сапасына қатысты күмәннен де құтыла алмады. Бұған қоса, балаларға лайықты жағдай жасауды талап ететін халықаралық зерттеушілер де, бюджеттің тапшылығын үнемі алға тартатын Қаржы министрлігі де министрлікті тынымсыз қысып отыр.