×
549.06
644.87
6.66
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
549.06
644.87
6.66

Газадағы бейбітшілік келісімі: Трамп Нетаньяхумен кездесті

30.09.2025, 12:12
Газадағы бейбітшілік келісімі: Трамп Нетаньяхумен кездесті
Фото: Leah Millis / Reuters

29 қыркүйек күні АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесті. Трамп қызметіне кіріскелі бері Израиль премьері Вашингтонға осымен төртінші рет сапарлап отыр. Кездесуде АҚШ-тың Газадағы соғысты аяқтау және палестиналық қарулы топ ұстап отырған Израиль тұтқындарын босату жоспары талқыланған, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Ақ үй алдында Нетаньяхуды қарсы алу кезінде Трамп жақын арада бейбітшілік орнайтынына сенентінін айтты.

Мұның алдында Вашингтон бірқатар араб және ислам еліне 20 тармақтан тұратын жоспар ұсынған. Ақпарат агенттіктерінің жазуынша, Нетаньяхумен келіссөз жүргізгенде Трамп өз бастамасына Израиль премьерінің келісімін алуға тырыспақ.

Кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында Израиль премьері АҚШ жоспарын қолдайтынын айтты.

Ал Дональд Трамп АҚШ жоспарына ХАМАС та келісіп қалуы мүмкін деді. Егер келіспесе, «біз Израильді ХАМАС толық жойылғанша қолдаймыз» деді.

«Өте жақын тұрмыз, өте жақын... Біз қазір тек Газадағы емес, бүкіл Таяу Шығыстағы бейбітшілікті айтып тұрмыз» деп мәлімдеді Трамп аймақтағы елдер АҚШ жоспарын қолдап отырғанын айтып.

Израиль премьер-министрі Трамптың жоспарымен келісетінін растады.

«Барлық тұтқын қайтарылған жағдайда, біз шағын, қарапайым шегініске дайынбыз. Келесі қадам – ХАМАС-ты толық қарусыздандыру» деді Нетаньяху. Ол сондай-ақ, егер ХАМАС бас тартса, Израиль «істі өз бетінше аяқтайтынын» айтты.

Жоспар бойынша, Газадағы атыс тұтқындар босатылғанда тоқтайды. Содан кейін Израиль әскері Газадан біртіндеп шығарылады. Құжатта Израиль Газа аймағын аннексияламайды да, оккупацияламайды да деп жазылған.

Аймақты палестиналықтар мен халықаралық сарапшылардан тұратын технократиялық кабинет басқарады. Ал АҚШ, Израиль және Еуроодақ террор ұйымы деп таныған ХАМАС саяси процесске қатысудан шеттетіледі. Газадан кеткісі келетін ХАМАС мүшелеріне жол беріледі. Келісімде Газа тұрғындарының қоныс аударуы қарастырылмаған.

ХАМАС өкілдері АҚШ жоспарынан хабардар екенін, бірақ қолына ешқандай ресми құжат түспегенін мәлімдеді. Ұйым соғысты аяқтауға бағытталған кез келген бастаманы қарастыратынын айтты.

Жуырда өткен БҰҰ Бас ассамблеясы жиынында Франция, Ұлыбритания және Канада сияқты бірқатар ел Палестина мемлекетін мойындаймыз деп мәлімдеді. АҚШ бұл қадамды құптамады.

Серіктес жаңалықтары