Қазақстандағы ботофермаларды қаржыландырып отырғандар – банкирлер мен билікке жақын бизнесмендер. Бұл туралы Қазақстан парламентінің депутаты Ермұрат Бапи мәлімдеді. Ол Ulysmedia.kz-ке берген пікірінде ботофермалардың нақты құрылымы мен жұмыс тетігін білмейтінін, бірақ олардың артында кімдер тұрғаны және мұндай қызметтің қанша тұратыны туралы ақпарат бар екенін айтты.
Қаржы көзі
Бапидің айтуынша, ботофермаларға қаржы мемлекеттік бюджеттен бөлінбейді.
– Ботофермаларды тек билік жанында ғана емес, кландық топтар, бизнесмендер, мүдделі тұлғалар да құрады. Бюджет бізде ашық, ал мұнда қаржының көзі бөлек — бәрі қолма-қол ақшамен төленеді, – деді ол.
Құпия ұйымдар мен жоғары жалақы
Депутаттың сөзінше, ұйымдастыру механизмі белгісіз, алайда осындай құрылымдардың ішінде жұмыс істеген әріптестері кейбір жайттарды бөліскен.
– Кейбіреулерін жасырын әрі бейресми құрылған компанияларға тартады, бірақ жалақылары жоғары болады. Адамдар ақша табу үшін, несиесін жабу үшін, отбасын қамтамасыз ету үшін келіседі, – деп түсіндірді Бапи.
Оның айтуынша, ботофермаларда істейтіндердің көбі журналистика саласына қатысы бар.
– Бір журналист маған айына 500 мың теңге алатынын айтты, оған қоса материалдардың саны мен сапасына қарай тағы шамамен 50 пайыз сыйақы қосылады. Жалпы 700–800 мың теңге шығады. Кедей журналист үшін бұл жаман ақша емес, – деді депутат.
Ботофермаларға қарсы күрес
Бапи ботофермалармен күресті «диірменге қарсы соғысқа» теңеді.
– Мен ақпараттық шабуылға үйренгенмін. Бүгін жазады, ертең ұмытады. Мен заң мен ар алдында арым таза екенін білемін және қоғам игілігі үшін сөйлеймін, – деп атап өтті ол.
Бұған дейін киберқауіпсіздік жөніндегі қазақстандық сарапшы Евгений Питолин журналист Вадим Борейкоға берген сұхбатында боттың – нақты адамға қатысы жоқ жасанды профиль екенін айтқан болатын. Мұндай аккаунттар ботофермаларда заңсыз әрекеттерге және қоғамдық пікір қалыптастыруға жаппай қолданылады. Қазақстанда әсіресе идеяларды ілгерілету және белгілі бір тезистерді қолдау үшін ботофермалар кеңінен пайдаланылады.
Алайда Питолиннің айтуынша, олармен күрестің тиімді әдістері жоқ: пікірлерді өшіру немесе алдын ала модерация енгізуден басқа құралдар қарастырылмаған.