×
547.57
642.63
6.68
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
547.57
642.63
6.68

Тбилисидегі наразылық: президент сарайына шабуыл жасалды

Бүгін, 11:33
Тбилисидегі наразылық: президент сарайына шабуыл жасалды
REUTERS/Irakli Gedenidze Purchase

4 қазан күні кешке Грузия астанасы Тбилисиде үкіметке қарсы жаппай наразылық акциясы өтіп, арты полициямен қақтығысқа ұласты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Наразылықтар сайлау күні басталды. Акция Чавчавадзе даңғылындағы шеруден басталып, кейін қатысушылар Руставели даңғылындағы парламент ғимаратына дейін барды. Онда оларға белсенділер қосылып, қолдарына тулар, плакаттар және саяси тұтқындардың суреттерін ұстады.

Еркіндік алаңында «грузин халқының декларациясы» жарияланған соң, әнші әрі қоғам қайраткері Паата Бурчуладзе «билікті халықтың өзі қолға алуға тиіс» деп мәлімдеді. Осыдан кейін бірнеше ондаған адам президент резиденциясы орналасқан Орбелиани сарайына бет алды. Олар темір қоршауларды құлатып, кейбірі аумаққа кіріп кетті.

БИЛІКТІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Жауап ретінде арнайы жасақ су атқыштар мен көзден жас ағызатын газ қолданды. БАҚ мәліметінше, ұсталғандар бар.

Грузияның бұрынғы президенті Саломе Зурабишвили бұл оқиғаны «310 күнге созылған бейбіт наразылықты беделсіз ету үшін билік ұйымдастырған арандату болуы мүмкін» деп атады.

– Заңды түрде сайланған президент ретінде бұл әрекетті айыптаймын және жаңа сайлауда жеңіске жеткенше халқыммен бірге бейбіт түрде тұруды жалғастырамын, – деп жазды Зурабишвили.

КОНТЕКСТ

Жаппай наразылықтар Грузияда өткен муниципалдық сайлаумен тұспа-тұс келді. Ел азаматтары 64 қаланың мэрін және 2000-нан астам муниципалдық кеңес мүшесін таңдады. 26 округте тек билеуші «Грузин арманы» партиясының кандидаттары ұсынылды.

Оппозицияның сегіз қозғалысы, соның ішінде экс-президент Михаил Саакашвилидің «Біртұтас ұлттық қозғалысы» сайлауға қатысудан бас тартып, 2024 жылғы парламенттік сайлаудан кейін биліктің заңдылығын мойындамайтынын мәлімдеді.

Премьер-министр Ираклий Кобахидзе азаматтарды көшеге шықпауға және полициямен қақтығыспауға үндеді. Ал оппозиция бұл жағдайды «бейбіт революция» деп атап, жаңа сайлау өткізуді талап етіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары