4 қазан күні Еуропаның ірі қалаларында мыңдаған тұрғындар Газа секторындағы соғысты тоқтатуды және «Сумуд» флотилиясының ұсталған белсенділерін босатуды талап етіп көшеге шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Жаппай акциялар Рим, Барселона, Дублин, Лиссабон, Лондон және Париж қалаларында өтті. Наразылар Газа секторындағы әскери қимылдарды дереу тоқтатуды және Израиль билігі ұстаған белсенділерді босатуды талап етті.
DW басылымының дерегінше, Италияда көшеге бірнеше жүз мыңнан екі миллионға дейін адам шыққан. Елде наразылықтар төрт күннен бері жалғасып жатыр, ең ауқымдысы – Рим қаласындағы марш болды.
БАРСЕЛОНА, ПАРИЖ ЖӘНЕ ЛОНДОН
Барселонада шамамен 70 мың адам митингке шықса, Парижде 10 мыңға жуық, Дублинде бірнеше мың, ал Лондонда шамамен мың адам жиналды.
Британ полициясы ел астанасында өткен акциялар кезінде 442 адамның ұсталғанын хабарлады. Митинг кезінде Газаға салынған блокаданы тоқтатуға және бейбіт тұрғындарды қорғауға шақырған ұрандар айтылды.
«СУМУД» ФЛОТИЛИЯСЫ ЖӘНЕ ИЗРАИЛЬ ӘРЕКЕТІ
Наразылықтардың жаңа толқыны Израиль әскері гуманитарлық көмек жеткізбек болған «Сумуд» флотилиясын ұстағаннан кейін басталды. Кемелер бортында жүздеген белсенді, соның ішінде швед экологы Грета Тунберг те болған.
dpa агенттігінің хабарлауынша, флотилия құрамында 40-тан астам катер мен желкенді қайық болған. Ұсталғандардың бір бөлігі Түркияға депортацияланды.
Ұйымдастырушылар Израиль ұсынған – гуманитарлық жүкті Ашдод порты арқылы жеткізу нұсқасынан және Италияның миссияны теңіз блокадасы аймағына (Израиль жағалауынан 280 шақырым қашықтықта) жақындамай тұрып тоқтату талабынан бас тартқан.