×
547.57
642.63
6.68
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
547.57
642.63
6.68

«Қолмен басқару» тәуекелі бар: жаңа экономикалық саясат ескі әдіске ұқсай ма?

«Қолмен басқару» тәуекелі бар: жаңа экономикалық саясат ескі әдіске ұқсай ма?
Ulysmedia

Қазақстан Үкіметі алдағы төрт жылда елдің ішкі жалпы өнімін (ІЖӨ) екі еселеуді көздеп отыр. Ол үшін инвестиция көлемін 2,5 есеге арттырып, 2029 жылға қарай 103 миллиард долларға жеткізу жоспары бар. Бұл бастама «проактивті экономикалық өсу саясаты» деп аталып, Үкімет экономикадағы өз рөлін күшейтуді көздеп отыр.

Алайда экономистер бұл модель елді «қолмен басқару» жүйесіне қайта әкеліп, жеке бастама мен нарық еркіндігін шектеуі мүмкін деп алаңдайды.

2029 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ІЖӨ ЕСЕЛЕНЕДІ 

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, басты міндет – 2029 жылға қарай елдің ІЖӨ көлемін 450 миллиард долларға жеткізу. Ол үшін жыл сайынғы инвестиция көлемі екі жарым есеге артып, 103 миллиард долларға дейін жетуі тиіс.

Вице-министр Арман Қасеновтің айтуынша, енді мемлекет экономиканың тек бақылаушысы емес, оның белсенді ұйымдастырушысы болады. Яғни Үкімет жаңа салалар мен жобаларды өзі бағыттап, қатысу үлесін арттырмақ.

-Біз енді жай ғана бизнеске бақылаушы емес, нақты өндіріс пен саланы қалыптастыруға қатысатын мемлекетке айналамыз. Мұндай тәсіл Оңтүстік Корея мен Сингапур секілді елдерде жақсы нәтиже берген, – деді Қасенов.

ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС ҚҰРЫЛМАҚ 

Жаңа жүйе аясында Инвестициялық кеңес құру жоспарланған. Бұл құрылым ел үшін маңызды жобаларды іріктеп, қаржыландыру мен басқаруды үйлестірмек.

-Проактивті экономикалық өсудің жаңа саясаты дегенде біз терең сараптаманы қажет ететін ірі жобалар туралы айтып отырмыз. Даму бағыттарын бір құрылымға келтіріп, ірі жобаларды басқаруда жоғары құзыретке ие мамандардан тұратын инвестициялық қызметті, яғни Investment board құруды жоспарлап отырмыз. Олар анағұрлым тиімді даму  жолын сілтеп, экономикамыздың бағыттары мен тиісті жобаларды айқындайтын болады, — деп түсіндірді Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, инвестиция тартудың бұрынғы жүйесі сақталады. Бірақ практивті саясаттың драйвері Investment Board болады.

БАСТАМА ЖЕКЕ СЕКТОРДЫ ШЕКТЕЙДІ

Алайда экономист Азамат Темековтің айтуынша, мұндай модель жеке сектордың бастамасын шектеуі мүмкін. Мемлекеттің барлық шешімді өз қолына алуы еркін нарық қағидаларына қайшы келеді. Бұл модель елді «қолмен басқару» жүйесіне қайта әкеледі. 

-Иә, бұл қауіп бар. Инвестициялық кеңес сияқты орталықтандырылған құрылым құру — мемлекеттің ресурстарды өзі бөлуі деген сөз. Мұндай тәсіл қысқа мерзімде нәтиже беруі мүмкін, бірақ ұзақ мерзімде нарықтың өзіндік реттеу қабілетін әлсіретіп, жеке бастамаларды шектейді, – дейді сарапшы.

Маманның пікірінше, Үкіметтің басты міндеті – ереже мен инфрақұрылым қалыптастыру, ал табыс табу мен тәуекелге бару – жеке бизнестің ісі болуы тиіс.

Сарапшы Бекнұр Досжанның саралауынша, мемлекет кей салаларды уақытша өз бақылауына алуы — нарықты тұралатып қою емес, керісінше жеке секторды дамытуға дайындық кезеңі болуы мүмкін. Яғни мемлекет белгілі бір бағытты іске қосып, кейін оны жеке инвесторларға беру арқылы экономиканы катализатор ретінде қозғауы тиіс.

-Мемлекет кей секторларды уақытша өз бақылауына алуы — жеке бизнесті шектеу емес. Бұл тек катализатор рөлін атқарып, кейін сол салаларды жеке инвесторларға тапсыруға мүмкіндік береді», – дейді сарапшы.

ИНФЛЯЦИЯ ҚАУПІ БАР 

Қоғамдық кеңес өкілдері бұл саясаттың инфляцияға да әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Себебі инвестицияны банктер мен мемлекеттік арналар арқылы бөлу — бағаның өсуін жылдамдатуы ықтимал.

Қазірдің өзінде экономикалық өсімнің негізгі бөлігі тұтынушылық несиелеуге тәуелді. Бұл ұзақ мерзімді даму үшін қауіпті үрдіс екенін алға тратты мамандар. 

Кәсіпкерлер де жаңа бастамаларға сенімсіз қарайды. Олардың айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар көбіне қағазбастылық пен есеп беру үшін ғана жасалып, нақты нәтиже бермейді. Жаңа инвестициялық кеңес те сол жүйенің жалғасы болып кетуі мүмкін деген күдік басым.

Серіктес жаңалықтары