2025 жылдың 6 қазанында Киевке ресми сапармен келген Нидерланд премьер-министрі Дик Схоф ресейлік дрондардың қауіпі артып келе жатқанын мәлімдеді. Ол бұл мәселемен күресте Украинамен тығыз ынтымақтастық қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ — ДРОНДАРҒА ҚАРСЫ НЕГІЗГІ ҚАРУ
Украин президенті Владимир Зеленскиймен бірлескен баспасөз мәслихатында Схоф дрондар мәселесі бүгінгі күннің нақты қауіпі екенін айтты.
«Біз технологияларды дамытуда, әсіресе Украинамен, өте тығыз жұмыс істеуіміз керек. Соңғы бір-екі жылда бұл салада өзгерістер өте жылдам жүріп жатыр», — деді ол.
ДРОНДАР МЕН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ — БОЛАШАҚТАҒЫ ҚАУІПТІ КОМБИНАЦИЯ
Схоф дрондардың жасанды интеллектпен бірігуі болашақта аса қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
«Келесі кезең қандай болады? Егер дрондар жасанды интеллектпен бірігетін болса, бұл өте қауіпті комбинацияға айналуы мүмкін. Біз бұған дайын болуымыз керек. Бұл НАТО, ЕО және Украинамен халықаралық деңгейде тығыз ынтымақтастықты талап етеді», — деді ол.
НИДЕРЛАНД — ЕУРООДАҚТА ДРОН ТЕХНОЛОГИЯСЫН БАҚЫЛАУДА КӨШБАСШЫ
Схофтың айтуынша, Нидерланд қазіргі таңда Еуроодақта дрондарды бақылау және қорғаныс жүйелерін дамыту саласында жетекші ел.
ЗЕЛЕНСКИЙ: НИДЕРЛАНДТАР БІЗДІҢ ҚОРҒАНЫСҚА НАҚТЫ КӨМЕКТЕСІП ЖАТЫР
Украина президенті Владимир Зеленский Нидерланд премьер-министріне Ресей агрессиясына қарсы күресте көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді.
«Нидерланд — өмірді қорғаудағы ең принципті елдердің бірі. Олар біздің қорғанысымызға, төзімділігімізге және әділеттілік жолындағы жұмысымызға нақты көмектесіп жатыр», — деп жазды ол Telegram желісінде.
РЕСЕЙ СУМЫДА РОДДОМҒА СОҚҚЫ ЖАСАДЫ
Зеленский Схофтың сапары кезінде Ресей әскері Сумы қаласындағы перзентханаға дәл соққы жасағанын айтты.
«Бұл — Ресейдің күн сайын қалаларымызға, ауылдарымызға жасайтын шабуылдарының бірі ғана. Олар украин өмірін нысанаға айналдырғанын жасырмайды. Бұл дрондар мен ракеталарды Путиннің бұйрығымен басқа адамдар іске асырады. Әрбір осындай ресейлік қылмыскер — әскери қылмыскер. Барлығы жауапқа тартылуы тиіс», — деді Украина президенті.
БҰҒАН ДЕЙІН
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Кубаға қарсы сауда эмбаргосын алып тастау жөніндегі резолюциясын қабылдауға қарсы белсенді әрекет етіп жатқанын жазған едік.