АҚШ президенті Дональд Трамп ұзақ қашыққа арналған Tomahawk зымырандарын Украинаға беру туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
6 қазанда Дональд Трамп журналистер сұрағына жауап берді. Ол Украинаға Tomahawk зымырандарын беру немесе бермеуге қатысты шешімді қабылдағанын айтты.
«Мен олардың (украиналықтардың – ред) зымыранмен не істейтіндерін білгім келеді. Олар оны қайда бағыттайды? Маған осы туралы сұрау керек шығар деп ойлаймын. Мен соғысты ушықтырғанды қаламаймын», – деді Трамп.
Контекст
The Telegraph басылымының мәліметінше, Украина президенті Владимир Зеленский БҰҰ Бас Ассамблеясының кулуарында Дональд Трамптан Tomahawk зымырандарын беру жөнінде сөйлескен. Ол бұл қадам Ресей президенті Владимир Путинді келіссөздер жүргізугі итермелейтінін айтқан.
1 қазанда The Wall Street Journal басылымы АҚШ Украинаға Ресейдің шекарадан тысқары орналасқан энергетикалық нысандарына соққы жасауға мүмкіндік беретін барлау деректерін беруге келіскенін жазған. Трамп әкімшілігі бұндай шешімге ұзақ қашықтағы зымырандарды Украинаға беру туралы келіссөздер қарсаңында келген.
Reuters агенттігі АҚШ-тың Tomahawk зымырандарын Украинаға беруі екіталай деп жазды. Себебі зымыран қоры АҚШ әскерінің қажеттіліктеріне ғана жеткілікті.
Владимир Путин егер АҚШ Tomahawk зымырандарын Украинаға беретін болса, ол Мәскеу мен Вашингтон қарым-қатынасына салқынын тигізеді деген.
Tomahawk зымырандары 1250-2500 шақырым қашықтықтағы нысандарды атқылауға қауқарлы. Бұған дейін АҚШ Украинаға орта қашықтағы нысандарды атқылауға мүмкіндік беретін ATACAMS зымырандарын берген. Ол 300 шақырымға дейін ұша алады.