×
540.06
628.25
6.61
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
540.06
628.25
6.61

Шетелге кеткен 126 мың қазақстандық: кімдерге ескерту берілді?

Шетелге кеткен 126 мың қазақстандық: кімдерге ескерту берілді?
Ulysmedia коллажы

Қазір Қазақстаннан тыс жерде 126 мың азамат еңбек етіп жүр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Сенаттағы брифингте мәлімдеді

Шетелге жұмыс іздеп кеткендер

Министрліктің дерегінше, 102 мың қазақстандық Ресейде, 15 мың адам Оңтүстік Кореяда, шамамен 2 мың адам Ұлыбритания мен Еуропа елдерінде жұмыс істейді.

Асқарбек Ертаевтың айтуынша, Қазақстан алдағы уақытта өз азаматтарын ресми түрде шетелге жұмысқа орналастыру бағытында басқа елдермен де келісімдер жасауды жоспарлап отыр. 

-Барлық елмен осындай келісімдер жоқ. Мысалы, Еуропалық одақ елдерімен келісім жасау жоспарда бар. Миграциялық саясат тұжырымдамасының 34-тармағында қазақстандықтар жиі баратын елдермен ынтымақтастықты кеңейту нақты көрсетілген, – деді ол

Сенат бүгін Қазақстан мен Катар арасындағы жұмыс күшін реттеу туралы келісімді мақұлдады. Бұл құжат қазақстандықтарға Катарда ресми түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Келісімге сәйкес, жұмысшылардың жолақысы мен баспанасы жұмыс беруші есебінен төленбек. Яғни, ресми еңбек еткенде жалақысы жоғары болуы да мүмкін. 

Оңтүстік Кореядағы 11 мың қазақстандық заңсыз еңбек етіп жүр

Қазір Оңтүстік Кореяда шамамен 15 мың қазақстандық бар. Оның 11 мыңы еңбек миграциясы ережесін бұзып, заңсыз жұмыс істеп жүр. Оларға елден өз еркімен кету ұсынылды

-Оңтүстік Кореямен келісім екі жылдан бері қаралуда. Саяси себептерге байланысты үзіліс болған. Биыл күздің соңына дейін келіссөздерді жалғастырамыз, себебі 15 мың азаматтың 11 мыңы заңсыз жұмыс істеп жүр. Мұнда нақты шара қабылдау қажет, – деді Ертаев

Оңтүстік Корея билігі Қазақстаннан өз азаматтарының заңсыз жұмыс істеу фактілерін реттеуді сұраған. Министрлік түсіндірмесінде бұл азаматтарға елден шығып, кейін ресми келісім аясында қайта оралу ұсынылады

-Заңсыз жүрген азаматтар миграциялық заңнаманы бұзады. Бұл Корея тарапынан елге қайта кіруге тыйым салуға әкелуі мүмкін. Сондықтан ең дұрысы – елден шығып, келісім аясында заңды түрде қайта жұмысқа орналасу, – деді Ертаев

Ақша аударымдарындағы парадокс

Биыл тамызға дейін халықаралық ақша аударымдары рекорд жаңартты. Қазақстандықтар шетелге 75,1 млрд теңге жіберген. Бұл шілдемен салыстырғанда 3,1% көп. Аударымдардың 97 пайызы елден тыс жерге бағытталған. Ең көп қаражат Өзбекстанға, Ресейге және Түркияға жіберілген. Ал елге келген ақша көлемі әлдеқайда аз. Бар болғаны 20,8 млрд теңге түсім.  Бұл алдыңғы уақыттан 2% төмен. Сарапшылар мұны халықтың табысты шетелде іздеп, елден қаржы шығарып жатқанымен байланыстырады. Экономикадағы бұл теңсіздік – еңбек миграциясы мен ішкі нарықтың әлсіздігін айқын көрсетеді. 

Серіктес жаңалықтары