Қазақстан Ұлттық банкі «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӨЗГЕРІСТЕР
Бағдарламаға енгізілген өзгерістерге сәйкес:
Астана, Алматы және олардың маңындағы аймақтарда, сондай-ақ Ақтау, Атырау және Шымкент қалаларында сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғарғы құны 25 миллион теңгеден 30 миллион теңгеге дейін ұлғаяды;
Қарағанды қаласы үшін шекті сома 20 миллионнан 25 миллион теңгеге дейін көтеріледі;
Басқа өңірлер үшін бұл көрсеткіш 15 миллионнан 20 миллион теңгеге дейін артады.
Сонымен қатар, енді қарыз алушылар төлем қабілеттілігін растау үшін бірлесіп қарыз алушылармен қатар кепілді де тартуға мүмкіндік алады. Бағдарлама бойынша несие алу үшін негізгі талаптардың бірі — қарыз алушының тұрақты табысының үздіксіз болуы.
– Бұл нормалар тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ ипотекалық несиелердің икемділігі мен қолжетімділігін кеңейту мақсатында енгізілді. Бағдарламаның қаулымен өзгертілмеген өзге шарттары мен талаптары өзгеріссіз қалады, – деп мәлімдеді Ұлттық банк.