Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Антикорға қарсы істі кассациялық сотта жеңіп шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қазақстанның кассациялық соты биыл мамырда 20 тәулікке қамауға алынған ақтаулық блогер Азамат Сарсенбаевтың ісін қайта қарап, алғашқы сот шешімін заңсыз деп таныды. Бұл туралы блогердің өзі хабарлады.
Алғашқы сот шешімі — заңсыз деп табылды
Сәрсенбаев мамыр айында «Жала жабу» бабы бойынша (ҚӘК 73-2-бап, 2-бөлік) 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынған болатын. Алайда кассациялық сот блогердің және оның қорғаушыларының шағымын қанағаттандырып, істі тоқтатты.
- Бес ай күрестен кейін әділдік орнады! Әділетті шешім шығарған Жоғарғы соттың судьяларына алғыс айтамын. Президент жариялаған сот реформаларының нәтижесін көріп отырмыз, — деп жазды Сәрсенбаев әлеуметтік желіде.
Адвокат: «Іс заңға қайшы қозғалған»
Блогердің адвокаты Сери Әбілдің айтуынша, істің өзі заң талаптарына сай болмаған, өйткені арызданушы ретінде мемлекеттік орган — Антикор көрсетілген. Ал қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жала жабудың объектісі тек жеке тұлға бола алады. Сондықтан Антикордың шағымы негізсіз деп танылған.
Сәрсенбаев өтемақы талап етпек
Кассациялық соттың шешімі күшіне енгеннен кейін Азамат Сарсенбаев моральдық өтемақы талап етуге ниетті екенін мәлімдеді.
- Мені заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тартқандары үшін өтемақы сұраймын. Бұл жағдай — азаматтардың құқықтық қорғалуының қаншалықты маңызды екенін көрсетті, — деді блогер.
Бұған дейін
28 мамырда Ақтау қалалық соты Сарсенбаевты Instagram-дағы жазбасы мен бейнематериалды жариялағаны үшін қамауға алған. Ол жазбасында антикоррупциялық қызметті атап өткен болатын. Пост кафе иесі мен келуші әйел арасындағы жанжал туралы болған. Енді соттың соңғы шешімі бойынша, блогердің әрекетінде құқық бұзушылық құрамы жоқ деп танылды.