Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандықтарға ипотека рәсімдеу мен банктердің сыйақы мөлшерлемелеріне қатысты кеңес берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Сүлейменовтің айтуынша, банктердің сыйақы мөлшерлемесі – бұл Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдайтын арнайы құрал. Бұл мөлшерлеме қаржылық тұрақтылық пен тұтынушылардың құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдік негізінде таңдалады.
– Бұл мөлшерлеме шамамен 20% болуы керек. Себебі 20%-дан жоғары ипотека – шынымен де ауыр жүк. 10–15 жылға 20%-бен несие алу – орасан зор артық төлемге әкеледі. Біз бұл көрсеткішті анықтау үшін белгілі бір уақыт алып, әдістемені қарап шықтық. Егер адам бастапқы жарнаны 20% емес, 50% төлей алса, ставка төмендетілуі мүмкін. Сол сияқты, несиені қысқа мерзімге алғандарға да жеңілдік қарастыруға болады, – деді ол.
Ұлттық банк басшысы қазіргі жоғары пайыздық кезеңде азаматтарға ипотека рәсімдеуде барынша сақ болуға кеңес берді.
– Қарапайым тілмен айтқанда, 20%-дық ипотека – өте ауыр қаржылық құрал. Сондықтан оған өзіңіз бен отбасыңыздың жауапкершілігімен қараған жөн. Қазіргі жағдайда ең тиімді нұсқалардың бірі – «Отбасы банкі». Бұл банк жақсы жұмыс істеп жатыр, портфелі өсіп келеді, цифрландыру жүріп жатыр. Сондай-ақ үкіметтің орталық және өңірлік деңгейде іске асырып жатқан басқа да бағдарламалары бар, – деп атап өтті Сүлейменов.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға көтерген болатын.