Қазақстан Ресеймен жүргізілген келіссөздерден кейін халықаралық жүк және жолаушы тасымалдаушыларға қатысты жаңа көші-қон шектеулерінің күшін жойтқызды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстандық жүргізушілерге «90 күндік шектеу» қолданылмайды
Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиевтің айтуынша, енді қазақстандық тасымалдаушыларға «Ресей аумағында 90 күннен артық болуға болмайды» деген талап жүрмейді.
Бұл шешім жаппай депортациялар мен айыппұлдарды тоқтатып, мыңдаған жүргізушінің, әсіресе шағын тасымалдау компаниялары қызметкерлерінің жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік берді.
– Қазақстан бұдан былай мұндай шешімдердің Еуразиялық экономикалық одақ аясында келісіліп қабылдануын, ал біржақты тәртіптің болмауын талап етуді жалғастырады, – деді депутат.
Қазақстанның ресми ұстанымы
9 қазанда Үкімет Ресеймен шекарадағы көлік кептелістері мен тасымалдаушылардың кідірісі мәселесін Еуразиялық экономикалық комиссия мен Үкіметаралық комиссияның алаңдарында көтеретінін мәлімдеді.
Айта кетейік, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресейде жаңа көші-қон заңы күшіне енді. Енді шетел азаматтары ел аумағында тіркеусіз 90 күннен артық бола алмайды – бұрын бұл мерзім жылына 180 күн еді.
Осы норманың кесірінен қазақстандық жүргізушілер жаппай ұсталып, айыппұл салынған.
Қазақстанда болса, шетел азаматтарына тіркеусіз болуға 90 күнге дейін рұқсат етіледі, бірақ бұл талап халықаралық жүк және автобус тасымалдаушыларға қолданылмайды. Бұл норма халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келеді.