Тәжікстан астанасы Душанбеде ТМД елдері басшыларының саммиті аясында Ресей мен Әзербайжан президенттерінің бір жыл ішіндегі алғашқы ресми екіжақты кездесуі өтті. Телекамера алдында емес, жабық есік жағдайында өткен бұл жүздесуде Владимир Путин 2024 жылғы желтоқсанда «Әзербайжан әуе жолдары» ұшағын дәл Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі атып түсіргенін мойындады. Ulysmedia.kz бұл кездесудің нәтижесі туралы баяндайды.
ЖЕКЕ КЕЛІССӨЗДЕР МЕН «ЖЫЛЫ» ФОТОЛАР
Сарапшылар екі ел басшысы – Ильхам Әлиев пен Владимир Путиннің кездесуіне оң баға беріп отыр. БАҚ-та екі президенттің жеке сөйлесуден кейін бір-біріне күлімдеп, жалпы отырыс залына бірге кірген сәтінің фото-видеосы тарады. Саммит соңында Путин мен Әлиев қоштасарда құшақтасып, ескі достардай жылы қоштасты.
ҚАҚТЫҒЫС ТОЛЫҚ ШЕШІЛДІ МЕ?
Әзербайжандық саясаттанушылардың айтуынша, бәрі Ресейдің апатқа байланысты өтемақы төлеу және өзге де міндеттемелерді қаншалықты әділ орындайтынына байланысты болмақ. Ал ресейлік сарапшылардың пікірінше, «мәңгі достық» қатынас тек Әзербайжандағы «Орыс үйлері» жұмысы қайта жанданғанда қалпына келеді.
Соған қарамастан, екі ел басшысы келіссөз нәтижесіне қанағаттанатынын мәлімдеді. Путин Ресей мен Әзербайжанның мүддесі «көп салада сәйкес келетінін» айтса, Әлиев биыл екі ел арасындағы қарым-қатынастың «тек сауда мен экономикада емес, өзге бағыттарда да табысты дамығанын» атап өтті.
БҰЛ ТАТУЛАСУДЫҢ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ?
Мақсұт Нәрікбаев университетінің халықаралық қатынастар профессоры Икболжон Қорабоевтың пікірінше, Мәскеу мен Бакудің ымыраға келуі – қазіргі әлемдегі жаңа үрдістің айқын көрінісі.
– Әлем тез өзгеріп жатыр, өзара байланыс күшейді, мемлекеттер саясаттарын бейімдеуге мәжбүр. Әзербайжан – Ресей мен бүкіл өңір үшін стратегиялық серіктес. Ол көлік және энергетика дәліздерінде — Транскаспий және Зәңгезур жобаларында орталық рөл атқарады. Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімнен кейін, Түркі мемлекеттері ұйымының нығаюы және Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінің өзара сауда және байланыс жобаларына белсенді қатысуы өңірлік ынтымақтастықтың қақтығыстан емес, бірігуден туындап отырғанын көрсетеді, – дейді сарапшы.
Қорабоевтың айтуынша, Ресей мен Әзербайжан арасындағы оқиғаны түбегейлі аяқтауға барлық алғышарт бар.
– Ең бастысы – президент Путин ұшақты ресейлік әуе қорғаныс күштері қателесіп атып түсіргенін ашық мойындап, оны қайғылы оқиға деп атады. Әзербайжан әуеліден-ақ бұл істі әдейі жасалған әрекет деп емес, ресми мойындау мен жауапкершілікті талап еткен заңды ұстаным ретінде қарастырды. Мұндай дағдарыстар бұрын да болған: мысалы, Сириядағы оқиғадан кейін Түркия мен Ресей өзара сенімді қалпына келтіре алды. Ресей мұны ертерек мойындауына да болар еді, бірақ дәл қазір мойындағаны – дұрыс әрі саяси тұрғыдан пісіп-жетілген шешім, – дейді ол.
Қазақстандық сарапшының пікірінше, Ресей мен Әзербайжан арасындағы келісім бүкіл өңір үшін оң әсер береді. Себебі Әзербайжан аумағы арқылы өңірдің басты көлік дәліздері өтеді. Саяси шиеленістің азаюы, соның ішінде Қазақстан үшін де маңызды, өйткені ел Орта дәліздің дамуына басымдық беріп отыр.