Ақтауда автогаз құю стансаларында қайтадан ұзын-сонар кезек пайда болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Куәгерлердің айтуынша, 11 қазан күні таңертең сағат 07:50 шамасында жүргізушілердің бірі газ құю бекетіне келген. Сол кезде станса әлі жұмысын бастамағанымен, кезекте бес көлік тұрған. Ал бір жарым сағат өткен соң, көлік саны отызға дейін көбейген.
– Бұл жолы шенеуніктер қандай сылтау айтар екен? Қазір туристер де көп емес, сонда газымыз қайда кетіп жатыр? Маусым да емес қой, – деп ашуланды жүргізуші.
СЕБЕБІ НЕ?
Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының мәліметінше, бұл өңір – Қазақстандағы сұйытылған мұнай газының ең ірі тұтынушыларының бірі. Ай сайынғы тұтыну көлемі 18 мың тоннаға жетеді.
Газдың негізгі бөлігі облыс аумағындағы ҚазГӨЗ зауытынан жеткізіледі, ал жетіспейтін көлем әдетте Атырау зауытының есебінен толтырылады. Алайда биыл қазан айында Атырау кәсіпорнында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондықтан қажетті 3 658 тонна газды уақытша Ақтөбе зауытынан жеткізу туралы шешім қабылданған.