Астанада 31 жастағы әйел алаяқтық жасағаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖҰМЫСТАСАРЫН АЛДАП, АҚША ЖИНАҒАН ӘЙЕЛ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ
Ол әріптестерін алдап, дені сау баласын емдету үшін деп ақша жинаған.
Декреттік демалыс кезінде елорда тұрғыны басшысына баласы терезеден құлап, жансақтау бөлімінде жатыр деп айтқан. Жұмыстастары оған емделуге деп ақша аударған.
"Алаяқтықтың беті әріптестерінің бірі күйеуіне хабарласқанда ашылды. Ер адам бұл ақпаратты жоққа шығарып, баласының жағдайы жақсы екенін айтқан. Әйел алынған ақшаны жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде Түркиядағы демалысына жұмсаған. Жәбірленушілер алданғандарын түсініп, полицияға жүгінді", – делінген хабарламада.
Құқық қорғау органдарының тексерісінен кейін күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Соттың қандай жаза тағайындағаны әзірге хабарланған жоқ.
БҰҒАН ДЕЙІН
Ақтөбеде жүзден аса адамды сан соқтырған халық емшісі 6 жыл 8 айға сотталған.
Сұлушаш есімімен өңірге танымал келіншек науқастарға миллиондап несие алдырған. Қызығы сол, алданғандар қалай басы айналып қалғанын білмейді. Сотта нақты жәбірленуші деп 136 адам танылды. Оның ішінде емшінің ет жақын туыстары да, сыныптастары мен ауылдастары да бар. «Дем саламын» деп, бәрінің басын айналдырған. Кейбіріне мешіт пен медициналық орталықтың құрылысына, енді біреулерге мүгедек баламның еміне қажет деп ақша сұраған. Жәбірленушілер гипнозда жүргендей күй кештік, несиені қалай алып, қолма-қол қалай санап бергенімізді білмей қалдық деп отыр.