Мәжіліс депутаты Никита Шаталов қоғамдық көліктегі жолақы құнын 500 теңгеге дейін көтеру туралы ұсынысқа пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ол қоғамдық көліктегі жолақы мәселесіне қатысты пікірталастың бастапқыдан-ақ «жалған және назар аударуға тұрмайтын» екенін айтты. Шаталовтың айтуынша, қоғамдық көлік табыс көзі емес, ең алдымен қала тұрғындарына қызмет етеді.
Депутаттың пікірінше, дәл осылай денсаулық сақтау, білім беру және тіпті қоғамдық телеарна саласына да қатысты айтуға болады.
- Бұлардың барлығы — бизнес емес, адамдық, әлеуметтік және мәдени капиталды қайта бөлу мен ұдайы өндірудің құралдары. Мұндай институттардан пайда табуға тырысу олардың тиімділігін арттырмайды, керісінше теңсіздікті тереңдете түседі, дейді ол.
ҚАЙДАН ШЫҚҚАН ӘҢГІМЕ?
Еске салайық, бұған дейін мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов Астана мен Алматыдағы қоғамдық көлікте жол ақысы 500 теңге болуы керек деп мәлімдеді. Байділдиновтың айтуынша, көлік компаниялары шығынмен жұмыс істеп отыр, ал қазіргі тарифтер олардың шығынын жаппайды.