2025 жылы қазақстандықтарға бала туу мен оны күтуге байланысты жәрдемақылар мен төлемдер түрінде 631 млрд теңгеден астам қаржы төленді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Жыл басынан бері бала туу және 1,5 жасқа дейінгі күтім бойынша төлемдермен 475,2 мың адам қамтылып, жалпы сомасы 631,2 млрд теңге болды. Бала тууға байланысты жәрдемақыны 257,5 мың адам алып, оған 46,5 млрд теңге бөлінді. Тек қыркүйек айында бұл жәрдемақыны 26,7 мың адам алып, оларға 4,8 млрд теңге төленді.
Мемлекеттік бала туу және бала күтімі бойынша жәрдемақылардың мөлшері айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты белгіленеді.
2025 жылдың басынан бастап мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 6,5%-ға индекстелді.
ЖӘРДЕМАҚЫЛАР
Биыл төлемдер көлемі мынадай:
бірінші, екінші және үшінші балаға — 38 АЕК немесе 149 416 теңге;
төртінші және одан көп балаға — 63 АЕК немесе 247 716 теңге.
Бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтімге арналған ай сайынғы жәрдемақы мөлшері:
бірінші балаға — 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;
екінші балаға — 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
үшінші балаға — 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;
төртінші және одан көп балаға — 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.
Сонымен қатар, жұмыс істейтін азаматтарға жүктілік пен босану, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алу жағдайында табысынан айырылуына байланысты Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік төлем тағайындалады.
Бұл төлемнің мөлшері:
жүктілік пен босануға дейінгі соңғы 12 айда МӘСҚ-қа жасалған әлеуметтік аударымдар негізінде есептеледі;
еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты анықталады.
Жыл басынан бері бұл әлеуметтік төлемді 161,4 мың адам алып, жалпы сомасы 227,9 млрд теңге болды. Тек қыркүйек айында бұл төлемді 16,7 мың адам алып, оларға 17,2 млрд теңге төленді. Тоғыз ай ішіндегі тағайындалған төлемнің орташа мөлшері – 1 478 563 теңге болды.