Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан Мажарстанды «бейбітшілік аралы» деп атады және Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Будапешт АҚШ пен Ресей президенттерінің алдағы кездесуіне дайындалып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
17 қазан күні Орбан бұл туралы желідегі парақшасында жазды.
«Мен Трамппен жаңа ғана сөйлестім. АҚШ-Ресей бейбіт саммитіне дайындық қызу жүріп жатыр. Венгрия — бұл бейбітшілік аралы!» деп жазды Х әлеуметтік желісінде.
Бұған дейін Орбан Трамп пен Путиннің Будапешттегі жоспарланған кездесуін «бейбітшілікті қалайтын халықтар үшін керемет жаңалық» деп бағалап, Венгрияның дайын екенін мәлімдеген.
16 қазан кешінде Трамп Путинмен екі сағаттық телефон әңгіме жүргізді. Бұл Украина президенті Владимир Зеленскийдің АҚШ-қа сапарының қарсаңында болды. Әңгіме нәтижесінде Трамп Путинмен Будапештте кездесуге келіскенін хабарлады. Кездесу уақыты нақты белгісіз, бірақ келесі аптада америкалық және ресейлік жоғары лауазымды тұлғалар дайындық жұмыстарын бастамақ.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, Путин Трампқа Ресейдің майданда стратегиялық бастамаға ие екенін және Украинаға Tomahawk зымырандарын жеткізу жағдайды өзгертпейтінін, бірақ РФ мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасқа нұқсан келтіретінін айтқан. Бұл әңгіме Кремльдің бастамасымен өткен.
Сонымен қатар, Венгрия Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) мүшесі ретінде 2023 жылы наурызда шығарылған Владимир Путинді тұтқындау туралы ордерді орындауға міндетті. Бұл ордер Ресей басшысының Украинадан балаларды заңсыз депортациялау мен ұрлауға қатысы бар деген айыптауларға негізделген. 2025 жылғы сәуірде Венгрия парламенті ХҚС юрисдикциясынан шығуға дауыс бергенімен, бұл процесс әлі аяқталған жоқ.
Трамп пен Зеленский 11 және 12 қазан күндері екі рет телефон арқылы сөйлесті. Зеленский бұл әңгімелерді «өте өнімді» деп атады. Axios мәліметінше, 11 қазандағы сөйлесуде Tomahawk зымырандарын жеткізу мәселесі қозғалған.
«Ресей АҚШ бізге Tomahawk береді деп қорқады. Бұл — бейбітшілікке ықпал ететін қысымның белгісі», — деді Зеленский.
14 қазанда Трамп журналистерге Путиннің Украинадағы соғысты жалғастырып жатқанына көңілі толмайтынын айтты.
«Неліктен ол соғысты жалғастырып жатқанын білмеймін. Бұл соғыс бір аптада аяқталуы керек еді, ал ол төрт жылда 1,5 миллион сарбазынан айырылды», — деді.
Трамптың пікірінше, бұл Путинді «өте нашар жағдайда» көрсетеді.
Кремль басшысымен сөйлескеннен кейін Трамп тағы да мәлімдеме жасады.
«Ертең (17 қазан) біз президент Зеленскиймен кабинетте кездесіп, Путинмен болған әңгімемді және басқа да мәселелерді талқылаймыз. Бүгінгі телефон әңгіме — үлкен ілгерілеу», — деп жазды.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еуразиялық экономикалық комиссияның деректеріне сәйкес, алдағы уақытта Қытайдан келетін импорттық тауарлардың бағасы төмендеуі ықтимал екенін жазған едік.