Алматының Бостандық ауданында салынған жаңа №224 мектептің оқу тілі ата-аналар арасында дау туғызды. Әуеліде қазақ тілінде білім беретін болып жоспарланған оқу орны енді аралас мектеп ретінде ашылуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ата-аналардың бір бөлігі бұл шешімге наразы. Олар аудан бойынша таза қазақ мектебінің біреу ғана екенін, ондағы сыныптарда 35-40 оқушыдан оқитынын айтып отыр.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Қазақстандағы ең үлкен мектепті қазақша ашуға не кедергі? Осы мектепті үлкен етіп салудағы мақсат келешек ұрпаққа қазақ тілін дәріптеу еді ғой. Жыл басында жоспар бойынша қазақ тілінде білім беретіні айтылған еді. Кейін мектептен контингентті анықтау мақсатында қазақ және орыс сыныптарына қабылдау жүргізіліп жатқаны туралы хабар алдық. Осы ауданда тек №65 аралас мектеп бар. Оның өзі кейінгі жылдары ғана аралас болып өзгерді. Оған дейін тек орыс тілінде білім беріп келді. Одан бөлек екі аралас және бір қазақ мектебі бар, – дейді ата-аналар.
Ал кей тұрғындар, керісінше, мектептің аралас болғанын қалайды. Олардың пікірінше, «қазақ сыныптарындағы білім деңгейі төмен».
Айта кетейік, бұл мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген. Ол – Алматыдағы ең ірі білім ошақтарының бірі, 2 500 оқушыға арналған.