Степногорск колониясында отырған супермарафоншы Марат Жыланбаев 13 қазаннан бастап белгісіз мерзімге аштық жариялаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алайда Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) мен оның адвокатының мәлімдемелері бір-біріне мүлде қайшы келеді.
ҚАЖК нұсқасы: «Какао, БАД және бейнебақылау»
ҚАЖК ресми мәліметіне сәйкес, 13 қазанда Марат Жыланбаев түрме әкімшілігіне тамақ ішуден бас тартатыны туралы өтініш берген. Ведомство бұл шешімнің себебі ретінде «сот үкімімен келіспеушілік» деп көрсеткен.
Бірақ қызық енді басталады.
- Сонымен қатар сотталған адам биологиялық белсенді қоспалар, қант қосылған шай, құрғақ сүтпен какао ішіп отыр. Бұл фактілер бейнебақылау камераларындағы жазбалармен расталған, – деді ҚАЖК төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаев.
Комитеттің мәліметінше, Жыланбаевтың денсаулығы қанағаттанарлық, ол медицина қызметкерлерінің тұрақты бақылауында. Дегенмен ведомство бірден ескерту жасады:
- Спортшы азаматтық сектор дәрігерлерінің медициналық тексеруінен өтуден бас тартқан.
Адвокат нұсқасы: «Провокациялар мен суға шектеу»
Ал адвокат Денис Малюга жағдайды мүлде басқаша сипаттайды. Оның айтуынша, Жыланбаев аштықты колониядағы арандатушылықтардан кейін бастаған. Адвокат өткен аптада клиентімен кездескенімен, оның жазбаша мәлімдемесін түрмеден алып шығуға рұқсат берілмеген.
Малюганың айтуынша, марафоншыға тесік қасық берілген – бұл түрме мәдениетінде қорлау белгісі саналады, сондықтан Жыланбаев мұны әдейі жасалған арандату деп қабылдаған.
Сонымен қатар адвокат колонияға тіпті су алып кірудің қиын екенін айтты:
- Клиентіме су апарып бергім келсе, ең көп дегенде бір литрлік бөтелкемен кіруге рұқсат етеді, – дейді Малюга.
Бұған дейін адвокат Мейіржан Досқаев та колонияда марафоншыға су алу қиындағанын, өйткені бес литрлік бөтелкелер сатылмайтынын және оны алдын ала тапсырыспен ғана әкелуге болатынын айтқан еді.
Бұл айтылғандар ҚАЖК-нің ресми нұсқасымен -«Жыланбаев қант қосылған шай мен құрғақ сүтті какао ішіп отыр, бұл бейнебақылаумен дәлелденді» деген мәлімдемесіне мүлде қайшы келеді. Алайда сол бейнежазбаларды ешкім көрмеген.