×
538.56
625.65
6.62
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
538.56
625.65
6.62

Қазақстан қашан қарызсыз өмір сүре бастайды?

Бүгін, 12:40
Қазақстан қашан қарызсыз өмір сүре бастайды?
Коллаж: Ұлысмедиа

Көбейіп жатқан шығындар мен оларға ілесе алмай жатқан кірістер жағдайында Қазақстан үкіметі тағы да қарыз алуды жоспарлап отыр. Жаңа қарыздардың бір бөлігі бұрынғы қарыздарды өтеуге жұмсалмақ. Бұл тәжірибе қашан тоқтайтынын қаржы министрі Мәди Тәкиев айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мәселенің мәні

Мәжіліс депутаты Олжас Нұрәлдинов Қазақстанның мемлекеттік қарызының артуы жөнінде мәселе көтерді.

– Мемлекет ескі қарыздарын өтеу үшін жаңа несиелер алуды жиілетті. Алдағы үш жылда тағы 24 трлн теңге қарыз алу жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде 2028 жылға қарай мемлекеттік қарыз екі еселеніп, 57 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Бұл дегеніміз – жақын болашақта қарызды өтеуге кететін шығындар білім, қорғаныс және инфрақұрылымға жұмсалатын шығындардан да асып түсуі ықтимал, – деді депутат.

Ол Қаржы министрлігінен:

- Біздің ел қашан қарызға өмір сүруді тоқтатады?, – деп нақты жауап беруді талап етті.

Министрдің жауабы: “қарыз шектен аспаған”

Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік қарызы соншалықты үлкен емес. Белгіленген лимит – ЖІӨ-нің 32%-ы, ал қазіргі деңгейі 22,2% шамасында. Министр бұл ретте қарыз құрылымының да маңызы зор екенін атап өтті.

– Мемлекеттік қарыздың негізгі бөлігі – 76%, ішкі нарықтан алынған қарыздар. Біз оларды бюджет тапшылығын жабу үшін аламыз. Қалған 24% – сыртқы нарықтағы қарыздар, олар халықаралық қаржы ұйымдары арқылы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады, – деді ол депутаттар мен қоғамды сабырға шақырып.

Қашан қарыз алудан бас тартады?

Мәди Тәкиевтің сөзінше, жаңа қарыз алу тәжірибесі тек бюджет кірістері шығыстардан артық болғанда ғана тоқтатылады. Жоспар бойынша, 2028 жылға қарай бюджет тапшылығы 0,9%-ға дейін төмендейді.

- Қазір біз төмен пайыздық мөлшерлемемен қарыз тарта алғанымызға қуаныштымыз. Мысалы, кеше ғана біз 1,5 миллиард доллар көлеміндегі қарызды бес жыл мерзімге, еліміздің тарихындағы ең төмен мөлшерлемемен – 4,4% деңгейінде орналастырдық. Бұл – халықаралық инвесторлардың Қазақстан экономикасына сенім білдіріп, өз қаражатын салуға дайын екенінің айғағы, – деді министр.

Оның айтуынша, бұл табысты орналастыру — елдің қаржы жүйесіне деген сенімнің өскенін және Қазақстанның халықаралық инвестициялық нарықтағы беделінің нығайғанын көрсетеді.

Серіктес жаңалықтары