23 қазанға қараған түні және таңертең Ресейдің ұшқышсыз аппараттары Киев пен Краматорскке шабуыл жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Украина астанасындағы әуе шабуылы кезінде жеті адам жарақат алды, ал Донецк облысындағы Краматорск қаласында екі украиналық журналист қаза тапты. Бұл туралы Донецк облысының әскери әкімшілігінің басшысы Вадим Филашкин хабарлады.
Киев мэрі Виталий Кличко өзінің Telegram-арнасында:
«Түнгі шабуылдан кейін астанада жеті адам зардап шекті. Бесеуі ауруханаға жеткізілді, екеуіне амбулаториялық көмек көрсетілді», — деп жазды.
Оның айтуынша, шабуыл кезінде үш тұрғын үйде өрт шыққан, мектеп пен балабақшаның терезелері сынған, бірнеше көлік өртенген.
Украинаның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі өрт шыққан пәтерден көпқабатты үй тұрғындарын эвакуациялауға мәжбүр болғанын хабарлады. Сондай-ақ қоймада өрт болғаны және 24 қабатты үйдің 21-қабатына дрон тигені айтылды, бірақ жарылыс болмаған.
КРАМАТОРСКІДЕГІ ШАБУЫЛ
Краматорскке алғашқы шабуылдар 22 қазан кешке жасалды. Сол кезде жергілікті базарда 50 шаршы метр аумақты қамтыған өрт шыққан. Сондай-ақ жергілікті БАҚ жел турбинасы да өртенгенін хабарлады.
Шабуыл 23 қазан таңертең жалғасты. "Ланцет" дронының Краматорск қаласындағы азаматтық көлікке соққы беруі салдарынан Freedom телеарнасының 43 жастағы журналисі Елена Грамова (Губанова) мен 33 жастағы оператор Евгений Кармазин қаза тапты. Бұл туралы Вадим Филашкин мәлімдеді.
Оның айтуынша, екі журналист те Донбасс аймағындағы ең қауіпті нүктелерде жұмыс істеп, соғыстың алғашқы күндерінен бастап Донецк облысындағы жағдайды көрсетіп жүрген.
Freedom телеарнасының өкілдері журналистер шабуыл кезінде жанармай құю бекетінде көлікте отырғанын нақтылады. Кейін Украина президенті Владимир Зеленский көлікте болған Александр Колычевтің ауыр жарақат алғанын хабарлады.
ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ МЕРТ БОЛУЫ
Украинадағы соғысты екі жақтан да — украин және ресейлік БАҚ өкілдері — жиі алдыңғы шептен хабарлап, жиі оқ астында қалады.
Қазан айының басында Украина шығысында 37 жастағы француз фотожурналисі Антони Лалликан қаза тапты. Халықаралық журналистер федерациясы бұл — Украинада журналист дрон соққысынан қаза тапқан алғашқы жағдай екенін атап өтті.
16 қазанда ресейлік мемлекеттік «РИА Новости» агенттігінің әскери тілшісі Иван Зуев дрон соққысынан қаза тапты, ал онымен бірге болған Юрий Войткевич ауыр жараланды.
Украинаның Бұқаралық ақпарат институтының дерегінше, 2014 жылдан бері Украина жағында соғысты жариялап жүрген 122 украин және шетелдік журналист кәсіби міндетін орындау кезінде мерт болған.
Ал Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, 2022 жылдың басынан бері Украинада кемінде 30 ресейлік журналист қаза тапқан.