Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамппен Будапештте өтетуі керек болған кездесу бойынша қандай келісімге келгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Путиннің айтуынша, оның Трамппен соңғы телефон арқылы сөйлесуі кезінде кездесуді өткізу бастамасы америкалық тараптан түскен. Ресей басшысы бұл ұсыныспен келісіп, мұндай кездесуді мұқият дайындау қажет екенін атап өтті.
- Мен үшін де, АҚШ президенті үшін де бұл кездесуге жеңіл қарау және одан күткен нәтижеге жетпей тарап кету үлкен қателік болар еді. Трамп мұнымен толық келісті және олардың тарапынан кездесуге дайындықпен бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар айналысатынын айтты. Кейбірінің атын да атады, — деді Путин.
Путиннің сөзінше, АҚШ кездесуді ұйымдастырумен айналысатын адамдардың нақты тізімін анықтаған соң, Мәскеу де өз өкілдерін жариялайды.
- Бірақ алғашқы кезеңде, сөзсіз, алғашқы қадамды Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио жасауы керек. Осылайша, солай деп келістік, — деп қосты ол.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Трамп пен Путин Будапештте кездеседі деп жоспарланған болатын. Алайда АҚШ басшысы кездесу өтпейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар, күні кеше АҚШ Ресейдің ең ірі екі мұнай компаниясы – «Роснефть» пен «Лукойлға» қарсы санкция енгізді.