Ресейлік дрондар Херсон мен Кировоград облысына шабуыл жасады. Қаза тапқандар бар. Кировоград облысында энергетикалық және теміржол инфрақұрылымдары зақымданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҮШ АДАМНЫҢ ҚАЗА ТАПҚАНЫ РАСТАЛДЫ
Ресей әскері 24 қазанға қараған түні Херсонның Корабель ауданын атқылады. Херсон облыстық прокуратурасы үш адамның қаза тапқанын растады. Ал Украина Төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті билік екі адамның көз жұмғанын хабарлады.
Херсон облыстық әскери әкімшілігінің дерегінше, кемінде 21 адам жарақат алған. Олардың арасында 17 және 15 жастағы екі қыз және 16 жастағы жасөспірім бар.
Херсонның Днепров ауданында «Шахед» дроны көпқабатты тұрғын үйге соғылып, өрт шыққан. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, кемінде үш адам зардап шеккен: 80 жастағы әйел мен 52 және 59 жастағы ер адамдар. Құтқарушылар өртті сөндіріп жатыр.
КИРОВОГРАД ОБЛЫСЫНА СОҚҚЫЛАР
Сонымен қатар Кировоград облысында Ресей әскері Новоукраин ауданындағы маңызды инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасаған. Нәтижесінде 19 елді мекен жарықсыз қалды, – деп хабарлады облыстық әскери әкімшілік басшысы Андрей Райкович.
Кировоград облысында және бірнеше басқа аймақтағы жаппай шабуылдар салдарынан теміржол инфрақұрылымы зақымданып, пойыз қозғалысы қиындаған.
Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері бас қолбасшылығы түн ішінде елге қарай 128 дрон ұшырылғанын, оның 72-сі әуе қорғанысы арқылы атып түсірілгенін немесе бейтараптандырылғанын хабарлады. 47 дронның соққысы он түрлі жерде тіркелген.