Ким Чен Ын Пхеньянда Ресей жағында соғыс кезінде қаза тапқан солтүстіккореялық жауынгерлерге арналған мемориалдық кешеннің іргетасын қалады. КХДР басшысы бұл оқиғаны Мәскеумен қарым-қатынастың «тарихи шыңы» деп атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘЗІРГЕ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ
24 қазан, жұма күні Кореяның Орталық телеграф агенттігі хабарлағандай, Солтүстік Кореяда Ресейдің Украинаға қарсы соғысында мерт болған солтүстік кореялық сарбаздарға арналған мемориалдың іргетасы қаланды.
Ким Чен Ын Пхеньяндағы рәсімді Мәскеумен қатынастың «тарихи шыңы» деп атап, «Пхеньян әрдайым Ресеймен бірге болады» деді. Оның айтуынша, «ерлік мұражайы» «нағыз отан қорғаушылардың мәңгілік ерліктеріне арналған қасиетті орынға» айналмақ.
Мемориал құрамында Ресей аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан солтүстіккореялық сарбаздардың мүсіндері, сондай-ақ олардың ерліктеріне арналған фотосуреттер мен көркем туындылар болады.
РЕСЕЙ МЕН СОЛТҮСТІК КОРЕЯ АРАСЫНДАҒЫ КЕЛІСІМ
Ким Чен Ын мен Ресей президенті Владимир Путин өзара қорғаныс туралы келісімге қол қойған. Бұл келісім 2024 жылдың қараша айында КХДР тарапынан ратификацияланған. Құжатқа сәйкес, екі елдің бірі агрессияға ұшыраған жағдайда, екіншісі «барлық қажетті құралдармен» жедел әскери көмек көрсетуге міндетті.
2025 жылдың сәуірінде Солтүстік Корея ресми түрде өз сарбаздарын Ресейге жібергенін мойындады. Бұған дейін мұндай ақпараттар бейресми түрде тараған еді. Украина дерегінше, қақтығыс аймағына 14 мыңнан астам солтүстіккореялық әскери жіберілген, олардың қатарында инженерлер мен жұмысшылар да бар.
СОЛТҮСТІК КОРЕЯЛЫҚТАРДЫҢ ШЫҒЫНЫ
Оңтүстік Кореяның барлау қызметі қыркүйек айында жариялаған мәліметке сәйкес, Украинамен шекаралас Ресейдің Курск облысында кемінде 2 мың солтүстіккореялық сарбаз қаза тапқан. Бұл — сәуір айындағы 600 адамға жуық көрсеткіштен әлдеқайда көп. Жараланғандардың саны бұдан да жоғары деп бағаланып отыр.
Мемориал іргетасын қалау рәсіміне Ресейдің Солтүстік Кореядағы елшісі және елшілік қызметкерлері қатысқан, деп хабарлады ЦТАК.