×
535.83
624.94
6.69
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
535.83
624.94
6.69

"Насихат па, еркіндік пе?": Қазақстанда ЛГБТ мәселесі тағы да қызу талқыда

"Насихат па, еркіндік пе?": Қазақстанда ЛГБТ мәселесі тағы да қызу талқыда
Коллаж: Ұлысмедиа

Мәжіліс жұмыс тобы ЛГБТ және педофилияны насихаттауға қарсы заң жобасын қолдап шықты. Құжатта қылмыстық жауапкершілік қарастырылмағанымен, әкімшілік айыппұлдар енгізілмек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Құжатта мұндай әрекеттерде қылмыстық құрам болмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Яғни, БАҚ-та немесе әлеуметтік желілерде ЛГБТ-ны насихаттайтын мазмұн таратқандарға 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса, 40 АЕК немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу шарасы көзделген.

ДЕПУТАТТАР ҰСТАНЫМЫ 

Депутат Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, «насихат» ұғымы заң деңгейінде нақты айқындалмақ. Оның сөзінше, бұл - көпшілікке немесе онлайн платформалар арқылы «дәстүрден тыс жыныстық бағдарды қалыпты әрі оң құбылыс ретінде көрсетуге бағытталған ақпарат тарату».

Депутат Ирина Смирнова балаларға арналған мультфильмдер мен кітаптарда ЛГБТ тақырыбының жиі көрініс табатынын айтты. Оның сөзінше, түзетулердің мақсаты - тыйым салу емес, бақылау мен реттеу енгізу.

- Мен кітапханалардан балаларға арналған материалдарда ЛГБТ-ны насихаттайтын кітаптар көрдім: мысалы, ханзададың ханзаданы сүйгені туралы әңгімелер бар. Түзетулер толық тыйым салуды көздемейді, шақада таңбалау мен бақылауды енгізуді ұсынамыз. Нормативтік актілерді мәдениет министрлігі дайындайды, — деді ол.

Ал, Анас Баққожаев болса Конституция деңгейінде «Қазақстан тек ер мен әйелдің некесін мойындайды» деген норманы бекітуді ұсынды. 

- Жыныс - биологиялық сипат. Жыныстық бағдар - мінез-құлық формасы. Сондықтан Конституцияда Қазақстан ер мен әйелді ғана мойындайтыны айқын жазылуы керек, - деп мәлімдеді.

Депутат Елнұр Бейсенбаев заңдағы «насихат» ұғымын нақтылау керек екенін айтты. Оның айтуынша, бұл - дәстүрден тыс бағдарды қоғамға оң құбылыс ретінде көрсету. Сондай ақ, Еділ Жаңбыршин де әркімнің таңдауы өз еркінде екенін, бірақ оны жарнамалауға жол берілмеуі тиіс екенін жеткізді.

Мәжілісмен Ринат Зайытовтан ЛГБТ бағытындағы блогерлердің жайын сұраған едік. Ол әлеуметтік желіде өзін белсенді жариялап жүргендер үлкен аудиторияның миын уламау керек дейді. Мұндай контенттің таралуына шектеу қою маңызды екенін атап өтті. 

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ: ЛГБТ ҰЙЫМДАРЫНА ЕРКІНДІК БЕРІЛСІН

Алайда құқық қорғаушылар бұл бастаманы адам құқықтарын шектеу деп бағалап отыр. «Глоушен» құқық қорғау орталығы мен «REQUEST» бастамасының теңқұрушысы Рустам Жантасов Варшавада өткен халықаралық конференцияда Қазақстандағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, соңғы екі жылда елде гомофобиялық риторика күшейіп, ЛГБТ адамдарға қарсы полиция рейдтері жиілеген.

Ол Варшавадағы жиында былтыр Астанадағы гей-бар мен клубта 15 адам заңсыз ұсталып, олардың телефондары мен жеке хаттары тексерілгенін айтты. Бір адамнан полицейлер ақша бопсалаған. Бұл оқиға бойынша тек «қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану» бабымен іс қозғалған, ал жәбірленуші әлі күнге дейін ресми түрде танылмаған. Рустам Жантасов Үкіметке бірқатар ұсыныс айтып, талаптарын қойды. 

- Жыныстық бағдар мен гендерлік сәйкестікке байланысты зорлық-зомбылық пен рейдтерді тоқтату тоқтасын. ЛГБТ ұйымдарын тіркеуден бас тартуды доғару керек.  ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң жобаларын ілгерілетуді тоқтатуды ұсынамын. Трансгендер адамдарға қатысты мәжбүрлі операциялар тәжірибесін жоюды сұраймыз, – деді ол. 

Сондай ақ, оның айтуынша, Қазақстанда әлі күнге дейін бірде-бір ЛГБТ ұйым ресми тіркеуден өте алмаған. «REQUEST» бастамасы әділет департаментінен 6 рет бас тарту алыпты. 

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕАКЦИЯ

Еске салсақ, былтыр жазда 50 мыңнан астам адам қол қойған петиция үкіметке жолданған. Онда ЛГБТ насихатына толық тыйым салу талап етілген.
Бірақ БҰҰ сарапшылары мұндай бастама Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін бұзатынын мәлімдеді. Олардың пікірінше, мұндай заң сөз бостандығы мен теңдік құқығын шектейді.

КОНТЕКСТ

ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң жобасы мәжілістің жалпы отырысына шығарылмақ.

Серіктес жаңалықтары