Трамп Израильдің ХАМАС шабуылына жауап қайтару құқығын қолдады — қақтығыс жалғасып жатқанымен, бітім сақталып тұр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТРАМП НЕ ДЕЙДІ
АҚШ президенті Дональд Трамп Израильдің ХАМАС шабуылына жауап беру құқығы бар екенін мәлімдеді. Бұл пікірін ол 29 қазанда Жапониядан Оңтүстік Кореяға ұшып бара жатқанда журналистерге айтты. Оның айтуынша, ХАМАС содырлары израильдік сарбазды өлтірген, сондықтан Израильдің жауап қайтаруы орынды. Трамп бітім режимі күшінде екенін және оған ештеңе қауіп төндірмейтінін атап өтті.
ИЗРАИЬЛДІҢ ӘСКЕРИ ӘРЕКЕТІ
Израиль армиясы 28 қазанда Газа секторында ХАМАС позицияларына соққы беріп, кемінде 30 командирді нысанаға алғанын хабарлады. Бұл шабуылдар ХАМАС тарапынан бітім бұзылған соң жасалған. Израиль тарапы бітім режимінің қайта қалпына келгенін мәлімдеді.
Премьер-министр Биньямин Нетаньяху шабуыл туралы шешімді тиісті кеңестерден кейін қабылдаған. Израильдің әуе шабуылдары Газа қаласы мен сектордың оңтүстігіне бағытталған. ХАМАС бақылауындағы азаматтық қорғаныс өкілі Махмуд Бассальдың мәліметінше, шабуылдардан кемінде 101 адам қаза тапқан, оның ішінде 35-і — кәмелетке толмағандар.
ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ ТАРИХЫ МЕН ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ
2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС Израильге ракеталық шабуыл жасап, ел аумағына басып кіріп, бейбіт тұрғындарға қарсы ең ірі қырғын ұйымдастырған. Шамамен 1200 адам қаза тауып, 250-ге жуық адам тұтқынға алынған. Израиль бұл әрекетке жауап ретінде ХАМАС-қа қарсы соғыс жариялады. Газа секторындағы әскери операциялар мен бомбалаулар нәтижесінде 68 мыңнан астам палестиндік қаза тауып, 170 мыңнан астамы жараланғаны айтылғанымен, бұл статистиканың нақтылығы күмән тудырады.
БІТІМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШАРТТАРЫ
13 қазанда Шарм-эш-Шейхтегі халықаралық бейбіт саммитте Газа секторында атысты тоқтату туралы декларацияға қол қойылды. Израиль әскері әскери әрекет аймағының жартысынан шығып, 2 мыңға жуық палестиналық тұтқынды босатты. ХАМАС соңғы тірі тұтқындарды қайтарғанымен, кейбір қаза тапқандардың денесін әлі ұстап отыр.
Бітім шарттарына сәйкес, ХАМАС қаруын тапсырып, биліктен кетуі тиіс еді. Алайда олар қаруды тапсырмай, саяси қарсыластарын сотсыз жазалауды жалғастырып жатыр.