Павел Дуров жасанды интеллект пен TON блокчейнін біріктіретін Cocoon желісін іске қосатынын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАҢА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ
Telegram негізін қалаушы Павел Дуров жасанды интеллект пен TON блокчейн технологияларын біріктіретін жаңа децентрализацияланған желі — Cocoon (Confidential Compute Open Network) жобасын іске қосатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, жоба 2025 жылдың қараша айында басталады. Бұл туралы ол Дубайда өткен Blockchain Life 2025 форумында айтты.
Дуров «әлем оғаш бағытқа кетіп барады» деп атап өтті және соңғы жылдары адамдар цифрлық еркіндігін жиі жоғалтып жатқанын айтты. Оның пікірінше, бұл еркіндікті тек децентрализацияланған технологияларды дамыту арқылы сақтап қалуға болады. Ол тіпті желіге Private AI Network — P.A.I.N («pain» — ағылшынша «ауырсыну») деген атау беруді ойлағанын әзілмен жеткізді.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІҢ КӨМЕГІМЕН
Жобаның таныстырылымына сәйкес, Cocoon желісінің жұмысын Toncoin (TON) арқылы сыйақы алатын GPU-майнерлер қамтамасыз етеді. Telegram бұл жобаға қажетті сұраныс пен ақпараттық резонанс қалыптастырады. Әзірлеушілер арзан жасанды интеллект құралдарын пайдалана алады, ал қарапайым қолданушылар ИИ-мен анонимді әрі қауіпсіз түрде әрекеттесе алады.
Blockchain Life 2025 форумы 28–29 қазан күндері Дубайда өтті. Іс-шараға криптоиндустрияның жетекші өкілдері — әзірлеушілер, инвесторлар, трейдерлер және дәстүрлі қаржы саласының сарапшылары жиналды. Ұйымдастырушылар қатысушылар саны 15 мыңнан асады деп күтуде. Форум бағдарламасына панельдік пікірталастар, сараптамалық баяндамалар және блокчейн мен Web3 саласындағы негізгі трендтерге арналған тақырыптық сессиялар кірді.