Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсенов Германиядан экстрадициялануы мүмкін. Бұл туралы Сенатта өткен брифингте Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев хабарлады.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оның айтуынша, Германия тарапынан экстрадициядан бас тарту туралы ресми жауап түспеген. Қазіргі таңда Дүйсенов экстрадициялық қамауда отыр, ал Бас прокуратура оны Қазақстанға қайтару бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
- БАҚ-та тараған кейбір мәліметтер шындыққа жанаспайды. Германиядан ресми бас тарту туралы ақпарат болған жоқ. Біз экстрадициялау процесін жалғастырып жатырмыз, — деді Қойгелдиев.
Бас прокурордың орынбасары жұртшылықты тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
Мақсат Дүйсеновке 29 тамызда іздеу жарияланған. Қыркүйекте оны Германия құқық қорғау органдары Интерпол арнасы арқылы ұстаған. Бұған дейін кейбір ақпарат көздері оның саяси баспана сұрауы мүмкін екенін жазған еді, алайда бұл дерек те ресми түрде расталмады.
КОНТЕКС
Мақсат Дүйсенов 2018 жылдың тамызынан 2019 жылдың сәуіріне дейін Қазақстанның бас көлік прокуроры қызметін атқарған. Бұған дейін ол мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде, Қауіпсіздік кеңесі хатшылығында және «Самұрық-Қазына» қорының қауіпсіздік қызметінде басшылық лауазымдарда болған.
2012 жылы ол Алматы қаласы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес департаментінің басшысы қызметінен өз қызметкерінен пара алды деген айыптаудан кейін босатылған еді.