×
530.47
613.75
6.56
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
530.47
613.75
6.56

Бабақұмаровтың жаназасына биліктен ешкім келмеді – Бәпи

Бүгін, 14:38
Бабақұмаровтың жаназасына биліктен ешкім келмеді – Бәпи
Ulysmedia

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи өзінің әлеуметтік желісінде Алматының экс-әкім орынбасары Ержан Бабақұмаровтың Астанадағы жаназасына мемлекеттік аппарат өкілдерінің келмегенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бәпидің жазбасына қарағанда, мемлекетке 30 жылға жуық қызмет еткен Ержан Бабақұмаровтың артында аңырап қалған анасы мен жетім қалған алты баласына Астанадағы ресми бірде-бір адам көңіл айтып келмеген.

– Мемлекетшілдігіне, халықшылдығына тірісінде көзім жеткен Ержан Бабақұмаровтың сүйегін туған жерінің топырағына тапсыруға Талдықорғанға шығарып салдық. "Көзім жетті" дегенде, Қаңтар оқиғасы кезінде қаланың басқа басшылары сияқты "КНБ" мен "МВД"-шылармен бірігіп, Алматыны тастап қашпағанын білемін. Кейіннен Ержанды Кәрім Мәсімовтің адамы деп, шетқақпай қылғандар болды. Бірақ Мәсімовтің адамы болса, басқалармен бірге қашып кетуі керек еді ғой? Тағы бір білетінім – Қаңтардан кейін Ержанның жетекшілігімен түсірілген "Қаңтар шындығы" деп аталатын құжатты киноға эксперттік пікір айтқаным бар. "Аға, бар білетін шындығыңызды айтыңызшы?" деді. Айттым. Бірақ сол фильм қайда және қалай жоғалып кетті? Мәсімовшіл болса, шындық іздеп, Қаңтар туралы кино түсіріп несі бар еді?, – деп жазды ол.

Мәжіліс депутаты марқұмның Қаңтар оқиғасы кезінде қоғаммен байланыс орнатқан жалғыз лауазымды тұлға болғанын, сондай-ақ «Қаңтар шындығы» деректі фильміне эксперттік пікірін бергенін атап өтті.

– Марқұмның қазасына қатысты қандай қитұрқылық барын қайдам (тергеу анықтайды дегім келеді), бірақ мемлекетке 30 жылға жуық қызмет қалған азаматтың Астанадағы "жетім" жаназасынан кейін көңілде осындай көп ой қалды. Өзі өкілі болған өкімет марқұмды жерлеу комиссиясын неге құрмады? Ержанның артында аңырап қалған анасына, алты баласы жетім қалған жесіріне Астанадағы қаптаған мемлекеттік аппараттан ресми ретпен бір пенденің көңіл айтып келмегені қалай? Мемлекеттік қызметшіліктің зердесі Ержанға келгенде неге ұмыт қалды? Осының бәрі "құпия қазаның" қырсығынан туған қысастық па? Білмеймін! Сезетінім – Ержан "Ескі Қазақстан" үшін қор боп кетті... Елдегі мықты мемлекетшіл идеологтардың бірі еді. Өз көзіммен көргенім – Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласы басшылығынан қоғаммен байланысқа шыққан жалғыз лауазымгер болды. Біз Балташ аға, Рысбек аға, Эльмар Хусайынов төртеуіміз дүрліккен алаңда жүргенде, Ержанды келіссөзге шақырдық. Себебі Балташ ағада бар қала әкімі Сағынтаевтың телефон номері өшіп жатты. Біз бәріміз алаңнан алыс емес жердегі Еркін Рақышевтың үйінде Сағынтаевтың орынбасары Бабақұмаровтан жауап күтіп отырдық. Бірақ арада бірер сағат өткенде, Ержан маған звондап: "Келіссөзге шығуға Астана келіспей жатыр..." деп, өкініш білдірген-ді… Жақсы азамат еді... Амал нешік?.. Алдынан жарылқасын!, – деді депутат.

БҰҒАН ДЕЙІН

30 қазан күні таңертең Ержан Бабақұмаров 56 жасында кісі қолынан қаза тапты. Полиция ақпаратты растап, адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, бұрыннан таныс адамдар арасында ауызша жанжал туындап, төбелес болған.

Кеше, 31 қазанда, Ержан Бабақұмаровпен қоштасу рәсімі өтті. Ол әр жылдары Президенттің кеңесшісі, Алматы әкімінің орынбасары және Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы болған.

ЕРЖАН БАБАҚҰМАРОВ КІМ ЕДІ?

Ержан Жалбақұлы Бабақұмаров 1969 жылы 2 наурызда Талдықорған облысы Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Саяси ғылымдар кандидаты дәрежесін 1994 жылы қорғаған, ал 1997 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Саяси ғылымдар академиясының академигі атанған. Ол ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеді, түрлі стратегиялық және ақпараттық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарды.

Ол әр жылдары Президенттің кеңесшісі, Алматы әкімінің орынбасары және Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы болған.

Серіктес жаңалықтары