Үкімет отырысында Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория елдегі футбол клубтарын жекешелендіру мерзімдері, жаңа инвесторлардың салаға қанша қаржы салатыны және бұл қаражаттың қандай мақсаттарға жұмсалатыны туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қайсар» енді жеке меншік
Давид Лорияның айтуынша, 2025 жылдың 30 қазанында «Қайсар» футбол клубы ресми түрде жекеменшікке өтіп, «TAU Group LTD» компаниясының басшысы Исламғали Қозбақовтың басқаруына берілген.
– Қала әкімдігі футбол академиясын салу үшін жер телімін бөлді. Жалпы инвестиция көлемі 12 миллиард теңге, – деді Давид Лория.
Келесі жекешеленетін клубтар
ҚФФ бас хатшысы сондай-ақ 15 қарашаға дейін «Қызыл-Жар СК» футбол клубының меншік құқығын беру процесі аяқталатынын хабарлады. Дәл осы мерзім шамасында астаналық «Жеңіс» клубы да жаңа заңды тұлғаның қарамағына өтпек.
– «Шахтер» футбол клубының мүлкіне толық бағалау жүргізілді. 2025 жылдың қараша айында Қарағанды облысы мәслихатында клубты жекешелендіру мәселесі бойынша қоғамдық тыңдаулар өтеді, олардың қорытындысы бойынша клуб аукцион арқылы сатылады, – деді Давид Лория.
Жеке инвесторлар футболмен не істемек?
Жеке инвесторлар футбол клубтарының базасында жаңа нысандар салуға және жас футболшыларды дайындауға басымдық беруге уәде берді. Әкімдіктер өз кезегінде футбол академияларын салуға арналған жер телімін бөлуге міндеттеледі.
«Жеңіс» клубының жаңа иесі футбол академиясын құру мен балалар-жасөспірімдер футболын дамытуға 16 миллиард теңге инвестиция салмақ. Петропавлда «Қызыл-Жардың» жаңа иесі аймақ футболына жыл сайын кемінде 1 миллиард теңге қаржы бөлуді уәде еткен. Қарағандыда инвестор футбол академиясын салуға 12 миллиард теңге, ал өңірлік балалар-жасөспірімдер футболына 6 миллиард теңге бағыттайды.
– Жалпы алғанда, тартылған инвестициялар көлемі 45 миллиард теңгеден асады, – деп қорытындылады Давид Лория.
Футбол клубтары кімдерге өтеді?
Бұған дейін әкімдіктер мен Үкімет қазақстандық миллиардерлермен бірқатар футбол клубтарын жекешелендіру жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқаны хабарланған.
Потенциалды инвесторлар қатарында белгілі компаниялар мен кәсіпкерлер бар:
«Орталық Азия Электроэнергетикалық корпорациясы» (Сергей Кан) – «Қызыл-Жар» клубын сатып алуды қарастыруда;
Freedom Finance (Тимур Турлов) – «Шахтер» клубына арналған стадион мен академия салуға қызығушылық танытқан;
Kaspi Group (Михаил Ломтадзе) – «Жеңіс» клубын сатып алып, Астанада футбол инфрақұрылымын дамытуға ниетті;
«TAU Group LTD» (Ислам Қозбақов) – «Қайсар» клубына инвестиция салуды жоспарлап отыр.