Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Тілектес Адамбеков Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға тұтынушылық және ипотекалық несиелердің шекті мөлшерлемесін қайта қарау туралы сауал жолдады. Агенттік төрағасының айтуынша, биыл ипотекалық несиелер бойынша мөлшерлеме 20%-ға дейін төмендетілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Депутат: жаңа банктер пайыздық мөлшерлемені төмендете ме?
Депутат Тілеутес Адамбековтің айтуынша, бұған дейін қабылданған заңдар нәтижесінде тұтынушылық несиелердің пайыздық мөлшерлемесі 46%-ға, ал ипотекалық несиелердің мөлшерлемесі 25%-ға дейін төмендеген. Ол, сонымен қатар, қаржы нарығына жаңа банктердің, оның ішінде шетелдік ұйымдардың келуі жеңілдеп жатқанын айтып, бұл бәсекелестікті күшейтіп, пайыздық мөлшерлеменің әрі қарай төмендеуіне әсер ете ме деген сұрақ қойды.
- Тұтынушылық несиелер бойынша мөлшерлемені 35%-ға, ал ипотекалық несиелер бойынша 25%-дан да төмендету мәселесін қарастыру қажет деп ойламайсыз ба?, — деді депутат.
Агенттік төрағасының жауабы
Мәдина Әбілқасымова агенттік соңғы жылдары несиелердің шекті мөлшерлемесін едәуір төмендеткенін атап өтті.
- Өткен жылы қабылданған заң аясында кепілсіз тұтынушылық несиелердің мөлшерлемесі 56%-дан 46%-ға, ипотекалық несиелер 30%-дан 25%-ға, ал кепілді несиелер 45%-ға дейін төмендетілді, — деді ол.
Оның айтуынша, биыл ипотекалық несиелер бойынша мөлшерлеме 20%-ға дейін төмендетілген. Алайда қазан айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерген соң, бірқатар банктер уақытша ипотека беруді тоқтатты.
- Сол себепті 20 пайыздық шекті мөлшерлеме нормасы 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылды. Осы уақытқа дейін Ұлттық банкпен бірлесіп жаңа әдістеме әзірленеді. Онда бастапқы жарна көлеміне қарай сараланған ставка енгізіледі, — деді Әбілқасымова.
Агенттік басшысы қазіргі таңда тұтынушылық несиелердің орташа нарықтық мөлшерлемесі 35–36% шамасында екенін жеткізді.