×
522.49
601.07
6.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
522.49
601.07
6.47

Бетінде туа біткен ақауы бар балаларға ота енді тегін жасалады

Бетінде туа біткен ақауы бар балаларға ота енді тегін жасалады
pixabay.com

Қазақстанда бет-жүзінде туа біткен ақауы бар балаларға реконструктивті-косметикалық операциялар мемлекет есебінен жасалатын болды. Бұл туралы мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Бұрын ата-аналар өз күшімен төлейтін»

Депутаттың айтуынша, бұған дейін мұндай операциялар жиі «эстетикалық» деп бағаланып, мемлекеттік деңгейде қаржыландырылмаған. Сол себепті ата-аналар қажетті қаражатты өздері жинауға мәжбүр болған. Депутаттың сөзінше, кей жағдайларда мұндай балаларға көмек көрсетуді «Қазақстан халқына» қоры өз мойнына алып келді.

- Біз заңға түзету енгізіп, туа біткен бет-жүз ақаулары бар балаларға - үлкен гемангиомалар, тамырлық мальформациялар, ерін мен таңдай жырығы және басқа да айқын аномалиялар кезінде - операцияны мемлекет есебінен тегін жасау туралы норманы бекіттік, - деді Аймағамбетов.

Мәселе тек сырт келбетте емес

Аймағамбетовтің сөзінше, мұндай оталар тек эстетикалық тұрғыдан емес, балалардың өмір сапасы мен денсаулығына да тікелей әсер етеді.

- Мәселе сыртқы келбетте ғана емес, баланың тыныс алу, тамақтану, көру сияқты негізгі физиологиялық функцияларында жатыр. Сонымен қатар, мұндай ерекшеліктер баланың психологиялық жағдайына, өз-өзіне сеніміне және қоғамда қабылдануына әсер етеді, - деді депутат.

Оның айтуынша, халықаралық тәжірибе мұндай бағдарламалардың тиімділігін дәлелдеген. Жыл сайын мыңдаған бала осындай операциялардан кейін қалыпты өмірге оралып, еркін күле алады дейді ол. 

Асхат Аймағамбетов бұл бастаманы тек медициналық шара емес, қоғамдағы тең мүмкіндік пен әлеуметтік әділдіктің көрінісі деп бағалады.

- Бұл - адамның қадір-қасиетін қорғауға бағытталған шешім. Ең бастысы - осы норманың уәкілетті органдар тарапынан нақты және тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары