Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев әлеуметтік желілерде өзіне қатысты тараған ақпаратқа түсініктеме берді. Соңғы күндері интернетте депутаттың жеке өмірі мен қызметіне байланысты түрлі айыптаулар мен сыбыстар қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Айыптаулар мен жауап
Бұған дейін желі қолданушылары депутат Қырықбаев Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Нұрайым Шәкімгеренге мандатын «сыйлады» және «сырттан туған баласын жасырып жүр» деген мәліметтер таратқан.
Депутат бұл ақпаратты толықтай жоққа шығарды.
- Әлеуметтік желіде менің атыма түрлі айыптаулар айтылып жатыр. “Мандатымды сыйлады”, “орнымды берді” деген сөздердің бәрі шындыққа жанаспайды. Нұрайым Шәкімгерен өз сайлау округінен халықтың дауысымен сайланған депутат. Мен ешкімге орнымды берген жоқпын, ешкімге үгіт жүргізген емеспін, — деді Темір Қырықбаев.
«Балам емес» деген емеспін
Депутат жеке өміріне қатысты тараған әңгімелерге де пікір білдірді.
- Ол менің тоқалым ба, жоқ па — бұл менің жеке өмірім. Ал бала туралы айтарым — мен ешқашан “бұл менің ұлым емес” деген жоқпын. Керісінше, ол менің ұлым. Мен оған өз тегімді бердім. Мұны мен құдайдан да, адамнан да жасырмаймын, — деді Қырықбаев.