Белгілі белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Мұхтар Тайжан депутаттың "тоқал алуды заңдастыру керек" деген ойына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Мұхтар Тайжан әдетте мұндай тақырыптарға араласпайтынын атап өтті.
- Бірақ мәжіліс депутаты Абзал Құспан “тоқал институтын заңдастыруымыз керек” деген болатын. Менің ойымша, бұл елімізге халқымызға аса зиян, қауіпті ұсыныс. Сондықтан мұндай ұсынысқа түбегейлі қарсымын, – дейді Тайжан.
Саясаткер неліктен қарсы екенін түсіндірді.
- Біріншіден, тоқалдарды заңдастырсақ бізде “тоқал нарығы” ашылады. Байлар “сенде қанша тоқал?” деп жарыса бастайды. Араб елдерінде мұндай үрдіс бар. Жарысып, жас қыздарды ала бастайды. Ал ақшасы жоқ, қарапайым жігіттерге қыздар жетпей қалады. Солай деп толыққанды айта аламын. Себебі бала кезімде әкеммен бірге араб елдерінде өмір сүргенмін. Соны көріп өстім. Оларда тек ақшасы барлар үйлене алады. Ақшасы жоқтар жүре береді, – дейді саясаткер.
Сонымен қатар, Мұхтар Тайжанның сөзінше, “тоқал институты” демографиялық ахуалға да әсер етеді.
- Себебі қыздар жетіспей қалады. Біз шарихатпен өмір сүретін ел емеспіз ғой, ал Конституция бойынша әйелдер мен еркектердің құқығы тең. Егер мұны заңдастырсақ әйел адамдар “онда біз де ақшамыз болса бірнеше ер адамға тұрмысқа шығамыз” деп айтады. Оған құқылы болады. Себебі құқық тең. Мұндай ұсыныс, ой дұрыс емес. Оған жол бермеуіміз керек. Өркениетті елміз, – дейді Тайжан.
Оның айтуынша, “тоқалдардың құқығын қорғау керек” деген сөз – далбаса.
- Тоқалдың орны – тоқалдық. Заңды әйелмен тең болмауы керек. Ол ұят нәрсе болуы керек. Ер мен әйелдің құқығы тең болуы керек. Біз надан, өркениеттен мақұрым қалған ел болмауымыз керек. Ал балаларға келер болсақ, олардың құқығы қазір де қорғалып тұр. Себебі ДНҚ анализі бойынша сот балаларды мойындатады. Сол үшін олардың құқығы қорғалған, – дейді Мұхтар Тайжан.
ДЕПУТАТ НЕ ДЕП ЕДІ?
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Абзал Құспан заң бойынша екінші әйел алуға рұқсат беруді қарастыру керегін айтқан болатын.