«Қазақтелеком» – жай ғана байланыс операторы емес. Біздің әңгімелеріміз, жеке деректеріміз, банктік операциялар, теледидар сигналдары, интернет – бәрі осы компанияның құзырында. Түптеп келгенде бұл – еліміздің «жүйке жүйесі», сондықтан байланыс сапасына ғана бас қатырып қоймай, ақпараттық қауіпсіздігімізге кім жауапты деген сұраққа жауап іздеуіміз заңды.
Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында «Қазақтелеком» АҚ әкімшілік директоры және басқарма мүшесі Ержан Мейрамов ұлттық оператор бүгінгі күні қалай жұмыс істейтінін, кадрлар қалай таңдалатынын және басшылық пен қызметкерлерге сыйақы не үшін төленетінін айтып берді.
KPI НЕДЕН ҚҰРАЛАДЫ
Топ-менеджерлерде KPI қандай?
– Ең әуелі, қаржылық көрсеткіштер: пайда, кірістің өсуі, клиенттерді ұстап қалу. Сондай-ақ, операциялық көрсеткіштер бар: мысалы, желіні жаңарту, клиенттік қызметті жақсарту.
Сыйақылар туралы әңгіме тарағанда желіде қарапайым қызметкерлердің де жалақысы талқыланды. Олар айына 120 мың теңге алатыны рас па?
– Жоқ. Қызметкерлердің орташа табысы шамамен 370 мың теңгені құрайды, оның ішіне айнымалы бөлігі де кіреді. Құр жалақыны өсірудің орнына біз жобалық бонустар жүйесін дамытуды құп көреміз. Мысалы, ескірген модемдерді ауыстыру бойынша «Сапа» жобасына барлық қызметкерлерге қатысу мүмкіндігі берілді. Жаңа модем орнатқандарға бонус берілді. Күніне 7-10 модем ауыстырып, айына 1-2 млн теңгеге дейін табыс тапқан қызметкерлер болды. Республика бойынша осы жобаға қатысқан қызметкерлерімізге 800 млн теңге үстемақы төленді.