Атырау әуежайы бомба туралы жалған хабар түскеннен кейін жұмысын уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz azh.kz сайтына сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оқиға «Атырау – Алматы» рейсіне тіркеу кезінде болған. Әуежай қызметкерлері жолаушылардың қол жүгін тексеру барысында бір жолаушы әзіл ретінде өзінде жарылғыш зат бар екенін айтқан. Осыдан кейін барлық жолаушы эвакуацияланып, әуежай аумағы қоршауға алынды, ал рейстер уақытша кейінге шегерілді.
Оқиға орнына шұғыл қызметтер жетіп, багаж бен ғимаратты тексерді. Ақпарат расталмады.
Көлік полициясы департаментінің мәліметінше, бомба туралы көрінеу жалған хабар беру фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы («Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар беру») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, әуежайдың жұмысы қалпына келтірілді.
Еске салайық, бұған дейін Астана әуежайында қолайсыз ауа райына байланысты рейстер кешігіп жатқанын хабарлаған едік.