Жазушы Әлихан Жақсылық әлеуметтік желідегі парақшасында өзін сынағандарға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚШАМДЫ ЕМЕС, ШЫҒАРМАМДЫ ТАЛДАҢДАР
Даудың басы жазушы Нұрлан Қамидың “Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды” романына талдау жасауынан басталған. Шығарма авторы жазушы Әлихан Жақсылық. Әлиханның дәл осы шығармасы “Меценат.кз” байқауына жеңіске жеткен.
Mecenat.kz — Қазақстанда ұйымдастырылатын әдеби сыйлық, оның мақсаты — қазақ және орыс тілдеріндегі үздік романдарды анықтап, авторларды қаржылай қолдау. Байқау жыл сайын өткізіледі және жүлде қоры ерекше: жеңімпаз авторға өмір бойы ай сайын 500 доллар көлемінде стипендия тағайындалады.Демеушісі Тимур Турловтың “Freedom Holding Corp” компаниясы. Бұған дейін бұл байқауда Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романы, Тұрысбек Сәукетайұлының «Өлгендер қайтып келеді...» мен Сәуле Досжанның «Өмір бәйтерегі», биыл Әлихан Жақсылықтың «Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды» сынды романдар жеңіске жеткен.
Дау осы Әлихан Жақсылық шығармашылығына қатысты болып отыр.
“Ең алдымен, бұл шығарманың қалай лауреат атанғанына таңғалдым. Конкурстың ережесінде шығарманың көлемі 150 мың таңбадан кем болмауы керек деп жазылған, бірақ бұл талап романның табиғатына қиянат жасауға болатынын білдірмесе керек. Елімізде қалыптасқан стандартқа сәйкес кітаптың бір баспа табағының көлемі 40 мың таңба” – деп жазған Нұрлан Қами.
Ары қарай автор шығарманы “оқиғалар көп емес, сюжеттер күрделі емес, сөйлемдер қарабайыр” деп ұзын -сонар сын мақала жазған.
ӘЛИХАННЫҢ ЖАУАБЫ
Ал жеңімпаз автор Әлихан Жақсылықтың сөзінше мұның барлығы оған деген іштарлықтан жасалған амалдардың бірі.
“Менімен алыса беріңдер! Бірақ, Ләйлім мен Гауһартастың несібесінде шаруаларың болмасын! Сонша қызғаныштарың тасып бара жатса жан-жақтан тонап жатқандарға тосқауыл болыңдар! Неге айналып келіп менің 500 долларымды санап жатсыңдар? Ақшамды емес, шығармамды талдаңдар!”- дейді Әлихан Жақсылық.
Желі қолданушылары Әлиханға мұндай сындарға алаңдамай, жазумен айналысуға кеңес берген.
“Сынай берсін, шығарма туралы ойын жазуы құптарлық, бірақ қалтаға неге кіре береді? Өздері оқырман сыйлау білмейді, оқырманды тобыр дейді, сөйтіп біреуді оқырман қолдаса, тобырлық жазушы деп шыға келеді, содан олардың басына Құдай несібе жаза ма?” – деп ашынады жазушы Әлихан Жақсылық.
ӘЛИХАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Әлихан Жақсылық қазақ әдебиетіне жаңалық болып келген жас жазушы. “Нотр-дамда құлшылық ету керек пе?”, “Африкадан Аляскаға”, “Ескі вокзалдың жолаушылары” романдарының, “Алты құрлық”, “Төрт мұхит” хикаяттар жинағының авторы. Ұлыбританияның “Алты бұғы” әдеби сыйлығын жеңіп алған. “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Шығармалары ағылшын, түрік тілдеріне аударылып басып шығарылған.
НҰРЛАН ҚАМИ
Нұрлан Қами — жазушы, драматург, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.Нұрлан Ізғалиұлы Қами 1959 жылы 2 қаңтарда Атырау облысы, Құлсары қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Ол әдебиет пен аударма саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келеді.