×
505.53
593.44
6.34
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
505.53
593.44
6.34

Белсенді Мирболат Мырзатайұлына сот үкімі шықты

Белсенді Мирболат Мырзатайұлына сот үкімі шықты
Ulysmedia.kz коллажы

Алматылық белсенді, блогер Мирболат Мырзатайұлы сот үкімімен 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылған. Белсенді бұған дейінгі сот отырысында өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Тағылған айыптың саяси астары барын айтқан, деп хабарлайды Ulysmedia

СОТ ҮКІМІ

Алматылық белсенді, блогер Мирболат Мырзатайұлы сот үкімімен 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылған. Белсенді бұған дейінгі сот отырысында өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Тағылған айыптың саяси астары барын айтқан.  

13 қарашада Алматының Медеу ауданының №2 соты Мирболат Мырзатайұлын ҚК 174-бабының 1-бөлігі «Алауыздық қоздыру» бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды.

Айыптау актісіне сәйкес, биыл сәуірде Алматыдағы қоқыс тазалайтын мекемелердің бірінде мекеме басшысы мен блогер арасында қазақ тіліне қатысты кикілжің болған. «Басшылық қызметте отырып мемлекеттік тілді сыйламайсыз», «дереу орныңызды босатуды талап етеміз»деген сияқты тіркестер кездеседі. Блогердің бұл видеосы Instagram желісінде жарияланған.

БЕЛСЕНДІЛЕР МЕН СУДЬЯНЫҢ АРАСЫН БӨЛІП ТҰРҒАН АРНАЙЫ ЖАСАҚ

Сот үкімін тыңдауға Мирболат Мырзатайұлының жақтастары мен белсенділер жиналды. Олар сот үкімімен келіспейтіндерін айтып, наразылықтарын білдірді.

Істі қараған судья Жомарт Мұхамеджанов үкім оқыған залға тек журналистер ғана кіргізілді. Үкімді тыңдауға келген белсенділер басқа, көршілес залда отырды. Екі залдың арасын арнайы жасақ бөліп тұрды. Белсенділер судья үкімді оқып, залдан шығып кеткеннен кейін ғана арнайы жасақ жолды ашты.

«Мирболаттың бар жазығы қоқысты тазалайтын мекеме қызметкерлеріне «қазақша сөйлеңіз»деген талап қойған. Халыққа қызмет көрсету орындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері қазақ тілін білуі шарт. Жалпы Қазақстанның әрбір азаматы ұлтына қарамастан, қазақ тілін білуі шарт. Қазақстан азаматы ретінде бұл оның парызы. Ал сол үшін қазақ тілінде мемлекеттік қызмет көрсетуді талап еткені үшін төрт жылға соттау мемлекеттің жоқтығын көрсетеді», – деді саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы соттан кейін Ulysmedia тілшісіне.

Мирболат Мырзатайұлының өзі үкімді онлайн тыңдады. Ол қыркүйектен бері Алматыдағы №72 мекемеде қамауда отыр. Белсендінің адвокаттары да сотқа келмеді. Олар да үкімді онлайн тыңдады. Адвокат Жанар Балғабаева сот үкімімен келіспейтінін айтты. Алдағы уақытта апелляциялық шағым түсірмек. 

ДАУЛЫ ҮКІМ МЕН ДАУЛЫ БАП

3 қарашада Қарағанды соты Threads платформасында қазақтар мен мұсылмандарға тіл тигізген 22 жастағы Алика Мұхамадиеваны «ұлтаралық және діни араздықты қоздырғаны үшін»айыпты деп танып, 3,5 жылға бас бостандығынан айырды. Сот Мұхамадиеваның екі жасар баласы барын, айыпталушының сот процесі кезінде кінәсін толық мойындап, өз ісіне шын жүректен өкінгенін ескеріп, оның жаза өтеу шарасын кейінге қалдырды.

Биыл маусымда Солтүстік Қазақстанда белсенді Жансұлу Дархамбаева да 174-бап бойынша айыпталған. Сот оның аяғы ауыр болуына қарамастан, екі жылға бас бостандығынан айырды. «Алауыздық қоздыру» бабымен іс қозғауға Жансұлудың ТикТок желісінде Ресей президенті Владимир Путинге қарата үндеу жасап, Қазақстаннан жалға алған жерледі қайтаруды талап етіп, ашаршылық жылдары қазақтардың көрген қиындығы туралы айтқан сыни пікірлері себеп болған.

Жансұлу Дархамбаеваның ісі қоғамдық резонанс тудырды. Ол қамауды босанды. Әлеуметтік желіде оны қолдаған петиция жарияланды. Осыдан соң сот істі қайта қарап, Жансұлуды босатуға шешім шығарды. Бірақ оның айыптау үкімі күшінде қалды. Балалы болуына байланысты түрме жазасын екі жылдан соң ғана өтеуі тиіс деген тоқтамға келді.

КОНТЕКСТ

2-ші қыркүйекте Мирболат Мырзатайұлының туыстары оның жоғалып кеткенін айтып, әлеуметтік желіде дабыл қаққан. Кейіннен оны полиция ұстағаны белгілі болған.

54 жастағы Миболат Мырзатайұлы «Журналистік зерттеулер агенттігі» You Tube арнасының авторы. Бұған дейін ұзақ жыл мемлекеттік телеарналарда қызмет істеген. Қазір арнаның 64 мыңнан астам жазылушысы бар. Негізінен елдегі сот процестері, митинг, пикеттерден ақпарат таратады.

 

Серіктес жаңалықтары